Қытайдың Сычуань провинциясында орын алған жер сілкінісінен қаза болғандар саны 66 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Сычуань агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, Ганьцзы-Тибет автономдық округіндегі Лудин уезіндегі зілзала магнитудасы 6,8-ге жеткен.
Табиғи апат Ганьцзы-Тибет автономдық округіндегі 38 адам және Яань қаласының 28 тұрғынының өмірін жалмады.
Төтенше жағдайлар салдарынан 15 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында, 253 тұрғын жарақат алған.
Жерасты дүмпулері жер сілкінісі ошағынан 200 шақырымда орналасқан Чэнду қаласында да байқалған.
Зілзалаға байланысты Сычуань провинциясында ең жоғары деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.