Мәскеу түбіндегі хоспис өртеніп, 10 адам қайтыс болды

news.myseldon.com
news.myseldon.com
Алдын ала мәлімет бойынша қайғылы жағдайға отқа немқұрайлы қарау себеп болуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дүйсенбі, 11 мамырға қараған түні Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласының жеке хосписінде өрт шықты. Салдарынан он адам қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға орнында зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша жедел штаб құрылды. Сонымен қатар, штаб қызметкерлері өртенген коттеджде тұратын қарт адамдардың туыстарын іздестіріп жатыр. Бұл туралы қалалық округтің басшысы Эльмира Хаймурзина хабарлады.

"Қазір қарттар мамандардың қарауында, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, бірақ оларға жақындарының көмегі мен қолдауы өте қажет екені сөзсіз", - деді ол.

Жедел қызметтердің мәліметінше, өрттің шығуына отқа немқұрайлы қарау себеп болуы мүмкін.

Сонымен бірге, ірі өрт болған хоспис ресми түрде тіркелмегені анықталды.

Айта кетейік, өртенген ғимараттан 20 адам құтқарылды, олардың тоғызы түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Қала басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, алты адам жан сақтау бөлімінде, үш адам терапия бөлімінде жатыр.  

Новости партнеров