Өзбекстанда эпидемиологиялық жағдай жақсарып, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерліктік кейбір түрі жұмысын қайта бастады. Сондай-ақ халықаралық авиа, теміржол және жол-көлік бағдарына шектеулерді біртіндеп алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атап өткенде, коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі арнайы республикалық комиссияның шешімімен 5 қыркүйектен бастап қоғамдық тамақтану нысандары өз жұмысын енді ғимарат ішінде атқаруға рұқсат алды. Сондай-ақ театрлар мен кинотеатрлар, саябақтарда балаларға арналған аттракциондар қызметін бастайды. Бұдан басқа, арнайы комиссия жұма, сенбі және жексенбі күндері діни қызметтерді өткізуге шектеуді алып тастады.
Сонымен бірге, Өзбекстан басқа елдермен халықаралық қатынасты біртіндеп ашуды жоспарлап отыр. Осылайша, арнайы комиссия пандемия кезеңінде тұрақты халықаралық рейстерді орындау тәртібі туралы уақытша нұсқаулықты бекітті. Қазіргі кезде тиісті органдарға шетел елдерімен келіссөздер жүргізу жолымен халықаралық рейстердің барлық түрлерін біртіндеп қалпына келтіру шараларын қолдану тапсырылған.