АҚШ пен Канадада осы демалыста 50 градусқа дейін аяз болады

Reuters
Reuters
Дүйсенбіден бері АҚШ-та қолайсыз ауа райынан кем дегенде 11 адам қайтыс болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Канада мен АҚШ-та 100 миллионға жуық тұрғын осы демалыс күндері қатты аязға тап болады. Солтүстік Америка континентінің кей аудандарына Арктикадан суық жел келеді, кей жерде ауа температурасы -50°С сияқты сезіледі, деп ескертеді метеорологтар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісіс ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Олар мұндай ауа райында 10 минутқа жетер-жетпес уақытта үсіп қалу мүмкін екенін ескертіп, Орталық Канада мен Американың солтүстік-шығысындағы көптеген штаттардың тұрғынына үйде отыруға кеңес берді.

Дүйсенбіден бері АҚШ-та қолайсыз ауа райынан кем дегенде 11 адам қайтыс болды.

Атап айтқанда, апта басында мұзды дауыл салдарынан Техаста сегіз адам, Оклахомада екеуі және Арканзаста біреуі қаза тапты.

Осы аптаның күрт салқындауы Канаданың шығысындағы теңіз провинцияларынан АҚШ-тың орталығына дейін созылған қуатты арктикалық фронттарға байланысты.

Жалпы саны 82 миллион адам тұратын бірнеше штатта температура -17°C градустан төмен түседі.

Атап айтқанда, Нью-Гэмпшир штатындағы Вашингтон тауының басында ауа температурасы -79°C градус секілді сезіліп, желдің жылдамдығы 160 км/сағ жетуі ықтимал.

«Бұл жолы шынымен де қатты суық болады деп толық сеніммен айтып отырмыз. Бүгін мұнда температура -15°C, бірақ аяз тез күшейеді», – деді жергілікті метеоролог Франсис Тарасевич Reuters агенттігіне.

Мейн штатының кей аудандарына 1971 жылдан бергі ең суық ауа райы келуі керек. Мысалы, Портленд қаласында желдің әсерінен температура -40°C градус сияқты сезіледі.

Көршілес Вермонт штатының Берлингтон қаласында термометр бағанасы -20°дейін төмендейді.

Бостонда да аязды жел, қазіргі уақытта қала қызметтері төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, қалада мемлекеттік мектептер жабылып, жергілікті билік адамдар жылынуға келетін арнайы орталықтар ашты.

Нью-Йоркте температура сенбіге қарай -17°C дейін төмендеуі мүмкін, дегенмен метеорологтар термометр бағанасы демалыс күндерінің соңына қарай қайтадан көтерілетініне сендіреді.

Канаданың бірнеше аймағында температура -38 градус аяздан -50 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Елдің ұлттық ауа райы қызметі жұма күні таңертең теңіз штаттарына, Квебектің көп бөлігіне, бүкіл Онтариоға және ішінара Манитоба штатына қатты суық келетінін ескертті.

Канада астанасы Оттавада аяздың салдарынан шаңғы мен коньки тебу жолдары жабылды. Торонтода жұма күні температура -29°дейін төмендеді.

Аптаның басында мұзды дауыл соғып, жолдар мұз айдынына айналған Техаста жұма күні ауа райы жылынып, мұз еруі керек.

Бұған дейін штаттың құтқару қызметі дүйсенбіден бері тіркелген жүздеген апат жайында хабарлады, бірнеше кісі көз жұмған.

Жұма күні Техас, Арканзас және Миссисипидің 309 мыңнан астам тұрғыны электр қуатынсыз қалды.

Новости партнеров