Марқұм 69 жастағы азамат ауруды 31 желтоқсан күні жұқтырған
Қытайдың Ухань қаласында жаппай таралып жатқан індеттен тағы бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Коронавирус тудырған жаңа инфекциядан 11 қаңтарда бірінші адам қаза болған еді.
«Қазіргі таңда коронавирусты жұқтырған 41 адам тіркелген, олардың 12-сінің ем қабылдау шаралары бітіп, ауруханадан шығарылды. Бес адамның жағдайы ауыр, 2 адам қаза болды. Қалғандарының жағдайы тұрақты», - деп мәлімдеді Ухань қалалық денсаулық сақтау комитетінің өкілдері.
Аурудан көз жұмған 69 жастағы азамат екен. Ол ауруды 31 желтоқсанда жұқтырып, 4 қаңтар күні жағдайы ауырлап кеткен. 15 қаңтар күні дәрігерлердің жүргізген амалдарына қарамастан, Қытай тұрғыны бақилық болды.
Азаматпен 763 адам жақын қарым-қатынаста болған. Олардың 644-і дәрігерлердің бақылауынан шығарылып, 119-ы әлі назарда жүрген көрінеді. Аурудың айтарлықтай симптомдары ешқайсынан байқалмапты. Сонымен қатар денсаулық сақтау комитетіндегілер ауруды жұқтырған жаңа адамдар тіркелмегендін жеткізді.
Бұған дейін Қытай зерттеушілері ауру тудыратын инфекцияның таралуына себеп болған жайтты анықтаған еді. Оған қоса ауру жақында ғана Жапония аумағынан байқалыпты.