Американың Кентукки штатында бастауыш мектептің алдында туған баласын бөтен біреулерге сатқан әйел тұтқындалды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
The Sun басылымының ақпарынша, 31 жастағы Мария Доминго-Перез өзінің бес баласының біреуін белгісіз бір жұпқа сатқан. Оқиға бастауыш мектеп ғимаратының алдында болған. Сатып алушылар безбүйрек анаға 2 мың доллар төлепті.
Мектепте осы оқиға жайлы қауесет тараған. Нәтижесінде полиция қызметкерлері әйел мен сатып алушыларды – 37 жастағы Катарина Хосе Фелипе мен 45 жастағы Хосе Мануэль Паскальді қолға түсірді.
Басында безбүйрек ананың полицияға берген жауаптары жалған болып шыққан. Алайда, кейіннен ол кінәсін толық мойындаған.
3 желтоқсан күні ұсталғандарға баланы сату мен сатып алу бойынша айып тағылды. Саудаға салынған бала мен әйелдің қалған төрт баласы қазіргі уақытта мектеп қызметкерінің қарауында.