Пәкістанда пойыз өртеніп, 25 шақты адам қаза болды

31.10.2019 17:27

Өрт жолаушылар өздеріне таңғы ас әзірлеп жатқан кезде газ баллонының жарылуынан шыққан

Карачи-Равалпинди бағытында қатынайтын «Тезгам» жүрдек пойызының өртенуі салдарынан 25-тен астам адам опат болып, тағы 30-ға жуығы жарақаттанған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға Лиакуатпур қаласының маңайындағы Рахим Яр Хан округінде орын алған. Өртенген «Тезгам» жүрдек пойызы Карачи мен Равалпинди арасында күнделікті қатынайды екен.

Дереккөздер мәліметі бойынша тілсіз жау жолаушылар таңғы ас дайындау уақытында газ баллонының жарылуы салдарынан шыққан дейді. От пойыздағы екі эконом-классты және бір бизнес-классты шарпыған. Жергілікті құтқару қызметі басшысының айтуынша, қаза болғандардың арасында жан сақтау үшін поездан секіріп, оттан қашқандар да бар.