|
16.08.2023 | 11:31
509

Гавай аралдарындағы өрт: қаза тапқандар 100-ден асты

Құтқарушылар жанып кеткен үйлердің күлін тазартып, арнайы үйретілген иттер адам мәйітін табуға көмектесіп жатыр

Гавай аралдарындағы өрт: қаза тапқандар 100-ден асты pexels

Мауи аралындағы орман өртінен кейін 101 адамның мәйіті табылды. Билік өкілдері қаза тапқандар саны бұдан көп болатынын ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Американың Гавайи штатының губернаторы Джош Грин Мауи аралында орманнан басталған өрттен «101 адам қайтыс болды» деп хабарлады.

Оның сөзінше, апат аймағының төрттен бір бөлігінен астам жері тексерілді.

Құтқарушылар жанып кеткен үйлердің күлін тазартып, арнайы үйретілген иттер адам мәйітін табуға көмектесіп жатыр.

Д.Грин табиғи апат құрбандарының саны айтарлықтай көп болатынын, жақын күндері екі есе немесе үш есеге артуы ықтимал екенін ескертті.

Анадолу агенттігі АҚШ президенті Джо Байденнің сөзін келтіруде. Оның айтуынша, Гавай аралдарындағы өрт - соңғы 100 жылда болған ең алапат оқиға. Ел басшысы Висконсин штатында сөйлеген сөзінде жақын күндері Гавайиге баратынын атап өтті. «Жұбайым Джиллмен бірге мүмкіндік болған таяу уақытта Гавайиге сапарлаймыз» деді ол. 

Алайда Байден мамандарға өрт сөндіруге кедергі келтірмес үшін іссапарға асықпайтынын айтқан.

Қызыл жалын Лахайна тарихи қаласын күлге айналдырды: 2200 ғимарат, негізінен тұрғын үйлер толықтай жанып кетті немесе зақымдалды, 850 гектар жер өртенді. Төтенше жағдайлар менеджменті федералды агенттігі Лахайнаны қалпына келтіруге 5,5 млрд доллар қажеттігін айтты.

АҚШ билігі Мауи аралындағы орман өрті салдарының мұндай жойқын болуына бірнеше фактор, оның ішінде коммуникация жүйесінің іркілісі мен сағатына 130 шақырымға жететін күшті жел себеп болды деп есептейді.

Губернатор Джош Грин мен Гавай штатының бас прокуроры Анне Лопез тұрғындар өрт қаупі туралы дер кезінде ескерту алғанын немесе алмағанын тексеретінін мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, өрт кезінде дабыл қағатын сиреналар жұмыс істемеген. Ұялы байланыс пен электр энергиясындағы іркіліс те қауіпті уақытылы ескертуге кедергі келтірген.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир