Мексика ғалымдары 8 мың жылдық қоқиқаз жұмыртқасын тапты

04.08.2023 16:38

Бұл құрлықтық Америка аумағында табылған осындай алғашқы олжа

ашық дереккөзден

Мексика ұлттық антропология және тарих институтының мамандары Мехико штатының Санта-Люсия муниципалитетіндегі Felipe Ángeles халықаралық әуежайының құрылыс орнынан тасқа айналған қоқиқаз жұмыртқасы тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа агенттігіне сілтеме жасап.

Институттың хабарлағанындай, бұл құрлықтық Америка аумағында табылған осындай алғашқы олжа.

«Ұлттық антропология және тарих институты (INAH) Felipe Ángeles халықаралық әуежайының құрылысы кезінде ерекше сақталған 8-12 мың жыл бұрынғы қоқиқаз жұмыртқасын зерттеу нәтижелерін жариялады. Қазып алынған жұмыртқаның ұзындығы - 93,491 мм, ені 55,791 мм; ол сопақша пішінді, дақтары жоқ», - делінген институт мәлімдемесінде.

Жұмыртқа топырақтың саз қабатында 31 см тереңдікте жатқан.

Ғалымдардың пікірінше, Солтүстік Американың құрлықтық палеокөлдерінде фламинго қазбаларының болуы таңқаларлық болып көрінеді, өйткені қазіргі фламинго түрлері Оңтүстік Америкада, Кариб теңізінде және Юкатан түбегінде кең таралған, ал Америка Құрама Штаттарында ол Флорида мен Мексика шығанағының солтүстік жағалауында кездеседі.

«Санта-Люсияда жұмыртқаның табылуы қоқиқаздардың Орталық Мексиканың көлді ландшафттарының бөлігі болғанын және бұл көлдердің мұздану мен жанартау белсенділігінен өзгеріске ұшырағанын растап отыр»,-деп атап өтілген INAH мәліметтерінде.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 300 гектар аумақта құрғақ шөп өртеніп жатыр