Одесса колледжіндегі өрт: Владимир Зеленский 8 желтоқсанды қаралы күн деп жариялады

inform.kz
inform.kz
Өрттен жеті адамның қаза тапқаны белгілі болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украина Президенті Владимир Зеленский адам өліміне алып келген Одесса колледжінде болған өртке байланысты 2019 жылдың 8 желтоқсанын елде қаралы күн деп жариялау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Укринформ-ға сілтеме жасап.

«Бүкіл Украинада аза тұту күнінде: мемлекеттік органдардың, жергілікті билік органдарының, мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың үйлерінде және ғимараттарында Украинаның Мемлекеттік Туы түсірілсін; ойын-сауық және концерттік шаралардан бас тартылсын, теледидар мен радио бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізілсін», - делінген Президент Жарлығында.

Владимир Зеленский бұл шешіміне Facebook-те пікір қалдырды.

«Осы қайғылы оқиға барлық шенеуніктер, басшылар, барлық Украина азаматтары үшін сабақ болсын. Өмір - әрқайсымыздың қолымызда бар ең құнды нәрсе. Адам өмірі - бұл елдің ең басты құндылығы. Олардың өмірін сақтау - мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті. Адамдар майданда жан қиып жатса ауыр дейміз. Ал бейбіт қалада, біреудің қателіктері немесе немқұрайдылық салдарынан адамдардың қайтыс болуы екі есе ауыр», - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, 4 желтоқсанда Одессаның Экономика, құқық және қонақүй мен мейрамхана бизнесі колледжінде өрт болды. Қазіргі уақытта өрттен жеті адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Новости партнеров