Бірінші орта салмақтағы WBC жастар чемпионы атанған 21 жастағы қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов профиде кезекті жеңісіне жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ол канадалық Монреальдағы бокс кешіне қатысты, ал қарсыласы 25 жастағы аргентиналық Хосе Антонио Вильялобос болды. Жекпе-жек он раундқа жоспарланса да, Ахмедов біріншісінен бастап басымдық танытып, жетінші раундта қарсыласын нокаутқа түсірді.
Бұл әлі жеңіліп көрмеген қазақстандықтың кәсіпқой бокстағы 11-жеңісі, оның 10-ын мерзімінен бұрын аяқтаған.
Айта кетейік, Ахмедов 25 қазанда мексикалық Джонни Наварретені (33-15-2, 15 KO) мерзімінен бұрын жеңген еді. 21 жастағы боксшы үшін бұл 2019 жылы өткізетін бесінші кездесуі. Ол 2018 жылдың сәуірінен бастап кәсіпқой шаршы алаңда жұдырықтасып келеді.