Аталмыш мәлімдеме сейсенбі күні ұйымның сайтында жарияланды
Әлем бойынша 60 миллионға жуық адам пандемия салдарынан кедейшіліктің шекті жағдайында болуы мүмкін, деп санайды Дүниежүзілік Банктің (ДБ) президенті Дэвид Мэлпас. Тиісті мәлімдеме сейсенбі күні ұйымның сайтында жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.
«Пандемия және дамыған экономикалардың тоқтап тұруы 60 миллионға жуық адамды кедейлікке әкелуі мүмкін. Бұл жақында кедейлікпен күрес жұмыстарының айтарлықтай бөлігін жоққа шығарады», - деп мәлімдеді Мэлпас.
Ол экономикалық өсімге оралу үшін төтенше жағдайға тез және икемді әрекет ету, халықтың кедей топтарына, оның ішінде ақшалай көмек көрсету, жеке секторды қолдау және экономиканың тұрақтылығын нығайту қажет екенін атап өтті.
Мәлімдемеде Дүниежүзілік банк әлем халқының 70% құрайтын 100 елде індетпен күресуге көмектескені айтылған. Жалпы алғанда, Дүниежүзілік банк 15 ай ішінде пандемия зардаптарымен күресу үшін дамушы елдерге гранттар, несиелер және инвестициялар түрінде 160 миллиард АҚШ долларын бөлуді өз міндетіне алған.