Колумбияда ұшақ апатынан кейін 40 күн өткенде ұшақта болған 4 кішкентай бала аман табылды. Ел президенті Густаво Петро оларды «джунгли балалары» деп атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Төрт бала Амазонкада бір айдан астам уақыт тіршілік еткен.
«Олар - джунгли балалары, енді олар Колумбияның балалары», - деп жазды Густаво Петро Twitter парақшасында.
Балалардың әжесі Мария Фатима Валенсия Виллависенсиода тұрады. Ол балалармен тезірек қауышып, құшағына алғысы келетінін, құтқарушыларға алғысы шексіз екенін жеткізді.
«Мен оларды жігерлендіремін, бір-бірімізді демеп, әрі қарай өмір сүреміз, олар маған керек», - деді ол.
Сенбі күні таңертең Колумбия әуе күштері балаларды санитарлық көлікпен ел астанасы Боготадағы әскери-көлік әуе қолбасшылығына жеткізгенге дейін оларды ұшақта дәрігерлер тексерген.
Әуе күштерінің мәліметінше, төрт дәрігер, оның ішінде педиатр және неонатолог медициналық көмек көрсеткен.
«Олар ертеңнен бастап әскери госпитальға жатқызылады», - деді Қорғаныс министрі Иван Веласкес жұма күні кешке.
Балалар аштық пен шөлден әбден әлсіреген, олардың психикалық жағдайына да дәрігерлер баға береді.
13 жасар Лесли Якобомбер Мукутуй, 9 жасар Солейни Якобомбер Мукутуй, 4 жасар Тиен Ранок Мукутуй және 11 айлық Кристин Ранок Мукутуй 1 мамырда джунглиде апатқа ұшыраған ұшақта болған еді. Аман қалған осы төртеуі ғана.
Ұшақта бұлардан бөлек тағы үш ересек адам болған. Оның бірі - балалардың анасы Магдалена Мукутуй Валенсия. Үшеуі де апаттан мерт болды.
Ел президенті балалардың тірі қалуын «өмір сыйы» деп атады және джунглидің оларға бір жарым ай қамқор болғанын сөз етті.
Жұма күні кешке өткен баспасөз мәслихатында Петро бүгін, сенбіде балалармен сөйлесуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Қазір ең бастысы - дәрігерлердің айтқанын тыңдауымыз керек. Қанша дегенмен олар 40 күн орманда жүрді, денсаулығы қандай жағдайда екенін білмейміз. Біз олардың психикалық саулығын да тексеруіміз керек», - деді ол.