Әлемде коронавирус індетінен 160 мыңға жуық науқас жазылып шыққан

30.03.2020 19:37

Ал Қытайда коронавирус індетінің таралуы тоқтады

EPA

Қытайда коронавирус індетінің таралуы тоқтады. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының денсаулық сақтау комитеттің ресми өкілі Ми Фэн мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

28 наурыздағы мәліметке сәйкес, елде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 3 мыңнан кем болған. Бұл елде вирусты 81 мың 439 адам жұқтырған. Оның 75 мыңнан астамы аурудан жазылса, 3300 адам індеттен көз жұмды.

Ал, Өзбекстанда 5 күнде 10 мың адамға арналған карантин орталығы салынды. Клиника жұмысын бастап кетті. Чартер рейсімен Мәскеу мен Дубайдан келген 650 өзбек азаматын қабылдады. Орталық 55 гектар аумақты алып жатыр. Нысан ретінде контейнерлер қолданылған. Әрқайсысы үш адамға арналған. Әр нысанда кондиционер, санитарлық торап, душ пен теледидар бар. Айта кетейік бұл елде соңғы тәулікте індет жұқтырған 144 адам анықталды. 

Елде 20 сәуірге дейін карантин. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша 722 289 адам коронавирус жұқтырды. Індетті жұқтыру бойынша бірінші орында Америка Құрама Штаттары тұр. Бұл елде 142 356 жағдай тіркелген. Екінші Италия, ал үшінші орында Қытай. Соңғы тәулікте Украина 475, Арменияда 424, Қырғызстанда 84 жағдай тіркелді. Әлемді дүр сілкіндірген індеттен 33 984 көз жұмса, 160 мыңға жуық науқас жазылып шықты.