Жаппай тәртіпсіздік: АҚШ-та полицейлер афроамерикалық жігітті өлтірді

30.05.2020 23:39

Жүздеген адам Вашингтондағы Ақ үйдің алдына жиналып, әділдік талап етуде

© AP Photo / Julio Cortez

Миннеаполис қаласында қарусыз афроамерикалық азамат полицейлердің қолынан қаза тапқаннан кейін, АҚШ қалаларында қарсылық шарасына қатысушылар полицейлермен қақтығысты, деп хабарлайды ВВС.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Миннеаполистің экс-полицейі Дерек Шовин қамауға алынды. Ол тізесін Флойд мырзаның мойнына сегіз минут 46 секунд бойы қойып, оны тұншықтырған. Флойд жедел жәрдем көлігімен Хеннепин аймақтық медицина орталығына жеткізілгенімен, бір сағаттан кейін оның қайтыс болғаны хабарланған.

Шовин үшінші дәрежелі өлім дерегі үшін айыпталып отыр (күш қолданып, абайсызда өлтіру). Миннесота штатының заңы бойынша мұндай қылмыс жасаған адам 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тағы да үш полицейге қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Бірақ бұл қарсылық шараларын тоқтата алмады.

«Жүздеген адам Вашингтондағы Ақ үйдің алдына жиналып, әділдікті талап етуде. Олар Флойд мырзаның суретін көрсетіп, «Мен тұншығып барамын!» деген сөзді қайталап айтып тұрып алған. Өйткені, ол Флойдтың соңғы сөзі еді», - делінген хабарламада.

Қарсылық шаралары көп штатта жалғасты. Лос-Анджелес, Чикаго, Денвер, Хьюстон, Луисвилл, Феникс, Колумбус пен Мемфисте демонстранттар мен полицейлер арасында қақтығыс болды.

Атлантада қарсылық танытушылар ғимараттарды қиратып, Си-эн-эн телекомпаниясының штаб-пәтеріне жақын жердегі полиция көліктерін өртеді.

Президент Дональд Трамп бұл оқиғаны «өте сұмдық нәрсе» деп бағалап, осылай жалғаса берсе Миннеаполиске арнайы әскер жіберуі мүмкін екенін айтты.

Дереккөз: ҚазАқпарат