Бүгін Тайландтың Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті тұрғындар арасында қауіпті дерттің жаңа штаммын жұқтырған алғашқы жағдайды растады. Кесел Нахон-Патом ауруханасында ем қабылдап жатқан 73 жастағы Тайланд азаматшасынан анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол, өткен жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласынан оралған соң ауырған көрінеді. Сонымен қатар, аты жаман ауру АҚШ-та да тіркеліпті. Бұл туралы ВВС басылымы хабарлайды. Сиэтл қаласының 30 жастағы тұрғыны әлгі Ухань қаласынан оралғаннан кейін, Вашингтон штатындағы ауруханалардың біріне жүгінген. Науқастың барып келген сапары мен симптомдарына қарап, оған коронавирус диагнозы қойылыпты.
Айта кету керек, Қытай ресми түрде дүйсенбі күні вирустың адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін растады. Осылайша аспан асты елінде осы ауруды жұқтырғандар саны 440 адамға жеткені және одан 9 адамның көз жұмғаны хабарланды. Сондай-ақ, Қытайда тараған пневмания Тайландтан өзге, Оңтүстік Корея мен Жапонияда тіркелді.
Естеріңізде болса, күні кеше ғана еліміздің денсаулық сақтау министрлігі короновирусқа қарсы препараттардың бар екенін мәлімдеген еді. Әзірге ел аумағында вирусты жұқтырған жан жоқ. Дегенмен сақ болайық ағайын.