Филиппинде су тасқынынан 17 адам қаза тапты

13.01.2023 20:24

Су тасқыны 158 жол мен 42 көпірді бүлдірді, 24 теңіз портының жұмысына зиянын тигізді

apa.az

Филиппинде су тасқынынан 17 адам қаза тауып, екеуі із-түзсіз жоғалып кеткен. Тәуекелдердің алдын алу және табиғи апатты жою жөніндегі ұлттық кеңестің есебінде көрсетілгендей, табиғат құбылысы республиканың 13 өңіріндегі 523,9 мыңнан астам адамға кесірін тигізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қоныс аударған 71,4 мың адам 123 эвакуациялық орталыққа орналасқан. Шамамен 5,89 мың адам үйлерін алдын ала тастап кеткен, жеті адам түрлі жарақат алды. Республиканың 12 өңірінде апатқа байланысты 730 оқиға тіркелді, олардың арасында су тасқыны мен лай көшкіні бар.

Табиғи апат 2,4 миллион песо (43,6 мың доллар) тұратын 530 үйге зақым келтірді. 137 инфрақұрылымдық нысанға 165,7 млн песо (3 млн доллар), ауыл шаруашылығына 278,3 млн песо (5,05 млн доллар) залал келтірілген.

Су тасқыны 158 жол мен 42 көпірді бүлдірді, 24 теңіз портының жұмысына зиянын тигізді. 40 қалада электр қуаты үзіліп, 27 қалада қалпына келтірілді. Бес муниципалитетте сумен жабдықтау проблемалары болса, бесеуінде байланыс үзілген.

Сондай-ақ, 488 қала мен 110 муниципалитетте сабақтар мен кәсіпорындар жұмысы тоқтатылды. Бес елді мекенде апат режимі енгізілді. Үкімет көмек көрсетуге 30,9 млн песо (5 562,3 мың доллар) бөлген.