Украинаның оңтүстігінде әскери тұтқындар жатқан лагерьге соққы жасалды

01.08.2022 19:41

БҰҰ мәліметінше, Украинадағы қақтығыс кезінде 5 мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан

YouTube

Украинаның оңтүстігінде әскери тұтқындар жатқан лагерьге соққы жасалып, 50-ден астам адам мерт болды. Ел билігінің айтуынша, қазір Донецк облысында кескілескен шайқас жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Жарылыс салдарынан бірнеше үй қиранды астында қалған. Атылған снарядтардың бірі елдің астық қауымдастығын басқаратын вице-президенттің де үйіне түскен. Қазір аталған аймақтағы тұрғындарды көшіріп жатыр.

«Донецк облысында міндетті эвакуация туралы Үкіметтің шешімі бар. Барлығы ұйымдастырылған. Яғни толық қолдау, логистикалық көмек және төлемдер жан-жақты қарастырылған. Біз Ресей емеспіз. Біз үшін әр адамның өмірі маңызды және көп адамның өмірін сақтап қалуға бар күшімізді саламыз»,- деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ал Ресей тарапы қақтығыс кезінде осыған дейін 15 мыңнан астам украин әскери техникасының жойылғанын хабарлады. БҰҰ мәліметінше, Украинадағы қақтығыс кезінде 5 мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ұйым атап өткендей, зардап шеккендер саны алдағы уақытта тағы өсуі мүмкін.

«Арнайы операция басталғалы бері барлығы 260 ұшақ, 145 тікұшақ, 1625 ұшқышсыз ұшу құралы мен 359 зениттік зымыран кешені жойылды. Сондай-ақ 4172 танк пен броньды машина, 3207 далалық артиллерия мен миномет қаруы және 4515 әскери көліктің көзі жойылды»,- деп хабарлады РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Канашенков.

Рустам Аралбаев, «Алматы» телеарнасы