Америка Украинаға тағы 1 миллиард доллар көлемінде көмек көрсетпек. Бұл туралы Джо Байден мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин қосымша 225 миллион доллар қаржы бөлуді жоспарлап отырғанын да жеткізді. Әлемдік сарапшылар бұл қақтығыс басталғалы бөлінген рекордтық сома дейді. Қомақты қаражат Украинаның қарулы күштерін қолдауға, жергілікті халықты ауыз су, дәрілік препараттармен, азық-түлікпен қамтуға жұмсалады.
«АҚШ Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша қаражат жібереді. Бұл сома басқарылатын оқ-дәрілер, 18 зеңбірек, арнайы тактикалық көліктер, сондай-ақ 36 мың снаряд секілді әскери жабдықтарды қамтиды», – деді АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин.
Киев билігі Америка жіберетін қаражаттың 650 миллион долларына жағалауды қорғайтын әскери техникалар мен мыңдаған радиостансалар, түнгі көру құрылғыларын алуды жоспарлап отыр.
«Украинаның жеңіске жетуі үшін қосымша көмек көрсету маңызды. Қару-жарақ, қаржылай қолдаулардың барлығы бізге қарсы тарапқа тойтарыс жасауға мүмкіндік береді. Әзірге Ресей қаржы жағынан басым түсіп тұр. Өйткені олар қақтығыс басталғалы бері энергияны сату арқылы 93 миллиард еуро көлемінде табыс тапты», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.