Қандай әлем елдері Наурыз мерекесін тойлайды

Фото: inform.kz
Фото: inform.kz
Анкарада Кечиөрен ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамына орай салтанатты шара өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурыз әлемнің әртүрлі елдерінде карантин шараларын сақтай отырып тойланып жатыр. Әр ел өзінің дәстүрін ұлықтап, ұлттық тағамдарын әзірлеуде. Түркия, Өзбекстан, өзге елдерде Ұлыстың ұлы күні қалай тойлануда? Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай тарқатады.

Анкарада Кечиөрен ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамына орай салтанатты шара өтті. Мерекенің ашылу салтанатында сөз сөйлегендер Ұлыстың ұлы күні –  Наурыз мейрамы күллі түркі әлемінің ортақ төл мерекесі екенін баса айтып, тамырлы тарихымыздан сыр шертті. Наурыз тойы барысында жергілікті тұрғындар үшін қазақтың киіз үйі тігіліп, халқымыздың бай мұрасы насихатталып, қонақтарға наурыз көже таратылып, салт-дәстүрлеріміздің тарихы таныстырылған.

«Наурыз  – көктемнің хабаршысы. Түркиядағы бұл күні бауырларды және туған туысты біріктіреді. Түркіні ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілікке шақыратын күн. Түркі тілдес халықтардың ортақ жаңа жылы Ұлыстың ұлы күні  – Наурыз мейрамы құтты болсын. Жүрегімізден сүйіспеншілік, үйімізден бақыт кетпесін», – деді

ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

Орталық Азия мен Таяу Шығыстың өзге де халықтары сияқты, өзбек ұлты үшін де Наурыз көктем мен жаңарудың, сан ғасырлық ұлттық құндылықтардың, әдет-ғұрыптардың мерекесі. Жергілікті дәстүр бойынша бұл күндері қазан көтеріліп, аналар мен әжелер сумаляк, халим, көк-самса, гужа сияқты дәстүрлі тағамдарды әзірлейді.

Ал, Норвегия Стортингі депутаты Тор Андре Йонсен Қазақстан тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтады.

«Қазақстан халқына сәлем! Мен өзімнің туған жерім Брумундал қаласындағы Мьёсторне  атты әлемдегі ең биік ағаш ғимаратының жанында тұрмын. Барлықтарыңызды керемет ежелгі Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Көктем – жаңару уақыты, табиғаттың жандану кезеңі. Сондықтан бұл мереке бүкіл әлемге ортақ болып табылады. Сіздерге жыл бойына сәттілік, зор денсаулық, молшылық пен күш-қуат тілеймін!. Қазақстан халқына жалынды сәлемімді жолдаймын», – деді Норвегия стортингі депутаты Тор Андре Йонсен.

Көрші Қырғызда да бұл мейрам айрықша тойланады. Мейрамда дастархан жайылып, май, қант және бидай ұнынан жасалған дәстүрлі ұлттық тағам – сумелек және көже дайындалады.


Новости партнеров