Бұл - Испанияда емделушінің жүрегі ұзақ уақыт тоқтаған алғашқы жағдай
Дәрігерлер алты сағат бойы жүрегі соқпаған британдық әйелді тірілтті. Дәрігерлердің өзі бұл жайтқа таңғалып отыр, деп хабарлайды stan.kz.
Бұл Испаниядағы жүрегі ұзақ уақытқа тоқтаған алғашқы жағдай. Барселонада тұратын Ұлыбритания азаматы Одри Шуман қазір толықтай қалпына келді және көктемде қайтадан серуендеуге кіріседі деп үміттеніп отыр.
Қараша айында Одри мен оның күйеуі Пиреней тауына серуендеуге шықты.
Биіктікте ерлі-зайыптылар қарлы боранға тап болады. 34 жастағы Одриде ауыр гипотермия белгілері пайда болды: сөйлеуі, одан кейін қозғалу қиынға соқты. Ол есінен танып құлайды.
Күйеуі Роан жедел жәрдем шақырған. Бірақ құтқарушылар келгенге дейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, Роан оны тіпті өлдіге санаған.
«Мен оның импульсін таба алмадым, дем алғанын сезбедім, жүрек соғысын естімедім», - деді Роан.
Екі сағаттан кейін құтқарушылар келгенде Шуманның дене температурасы 18 градусқа дейін төмендеп кеткен.
Барселонадағы ауруханаға түскенде, оның бойынан тіршілік белгісі мүлдем байқамаған, алайда оның дәрігері Эдуард Аргуданың айтуы бойынша, таудың салқыны Одри Шуманның өліміне әкеп соқтырған, сонымен бірге оның аман қалуына себеп болған.
«Ол өлгендей көрінді. Бірақ біз гипотермияның аясында Одридің құтқарылу мүмкіндігі бар екенін білдік», - деді дәрігер.
«Ол өмір мен өлімнің шетінде тұрғанына қарамастан, гипотермия ес-түссіз болған кезде оның денесі мен миын жойылудан қорғады. Егер оның жүрегі қалыпты дене температурасында ұзақ уақыт тоқтап тұрса, өлуі мүмкін еді», - деді Аргудо,
Дәрігерлер шұғыл түрде науқастан қан алып, оны оттегімен қанықтырып, науқастың қанайналым жүйесіне қайтаратын арнайы ECMO (экстракорпоральды оксигенация) аппарат қолдануға мәжбүр болды.
Соның нәтижесінде ол біртіндеп жылынып, дене қызуы 30 градусқа көтерілгенде, дәрігерлер жүрек соғу жиілігін қалпына келтіру үшін дефибрилляторды қолданды.
Күйеуі құтқарушыларды шақырған сәттен бастап, науқастың жүрегі қайта соғылған уақытта аралығында алты сағат өткен.
Шуман 12 күннен кейін ауруханадан шықты. Гипотермия қолдың қозғалғыштығына және сезімталдығына әсер етті, бірақ клиникалық өлімнің басқа белгілері жоқ.