Гиннестің рекордтар кітабына енген ең кішкентай түрме жайлы не білеміз

30.05.2024 20:12

Бүгінде түрмеге жарық пен жылу тартылған, бірақ ғимараттың терезесі жоқ

Sark Estate

Франция мен Англия арасында орналасқан Сарк аралында 1856 жылы салынған әлемдегі ең кішкентай түрме бар. Әлі күнге дейін жұмыс істейтін нысанда екі камера тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сарк аралында жол, көше шамдары жоқ. Тіпті, бірде-бір көлік те тіркелмеген. Бірақ аядай ғана түрме әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.

Оның бір камерасының көлемі — 1,8 м х 1,8 м болса, екіншісі — 1,8 м х 2,4 м тең.

Мұнда ағаш тақтайшалардан жасалған шағын кереует пен жұқа матрас қана бар.

Бүгінде түрмеге жарық пен жылу тартылған, бірақ ғимараттың терезесі жоқ.

Тұтқындарды шағын түрмеде ресми түрде екі күн ғана ұстауға болады. Кейін олар көрші орналасқан Гернси аралындағы үлкен түрмеге ауыстырылуы керек.

Ұзындығы 5 шақырымға таяу және ені 1,6 шақырым болатын Сарк аралының өзінде 600-ден аз адам мекен етеді екен.

Аралдың құқық қорғау органдары қылмыс туралы хабарламаларды сирек алады.

Десе де, шағын түрмеге жергілікті мас тұрғындар мен тәртіп бұзған туристер қамалатын көрінеді.

Оқи отырыңыз: Таза қала: жастар бір айда 15 заңсыз қоқыс үйіндісін тапты