|
20.05.2023 | 15:12
798

Италиядағы су тасқыны: елдің солтүстігінде 10-нан аса адам қаза тапты

Құтқарушылар су тасқынынан зардап шеккендерді әлі эвакуациялап жатыр

Италиядағы су тасқыны: елдің солтүстігінде 10-нан аса адам қаза тапты GETTY IMAGES

Жұма күні Италияның солтүстігіндегі Эмилия-Романья аймағында су тасқынынан қаза тапқандар саны 14-ке жетті. Равенна қаласының билігі екі шағын қаланың тұрғындарын дереу эвакуациялау туралы шешім қабылдады және мүмкіндігінше халықты саяхаттаудан аулақ болуға шақырды, өйткені қауіп деңгейі әлі де ең жоғары қызыл деңгейде қалып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аймақтың эвакуацияланған 15 мың тұрғынының жартысына жуығы өткен түнді қонақ үйлерде немесе асығыс жабдықталған спорт залдарында өткізуге мәжбүр болды.

Зардап шеккен аймақтың көптеген қаласында адамдарды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін жылжымалы асханалар жұмыс істеп жатыр. Су аздап тартылған жерде тұрғындар үйін тазалауға кірісті, дегенмен көптеген тұрғындар су деңгейінің жоғары болуынан әлі күнге дейін далаға шыға алмай отыр.

Равеннаның өзінде нөсер әлі тынбай тұр, қала мэрі Массимо Изола қаланы қоршап тұрған төбелерде орналасқан ауылдардағы апатты жағдай туралы хабарлады. Көшкіннің жүру қаупі жоғары, бұл аймаққа құтқарушылардың жетуі өте қиын.

Дегенмен, жұмыс жалғасуда, құтқарушылар су тасқынынан зардап шеккендерді әлі эвакуациялап жатыр.

Италияның солтүстігінде 36 сағат бойы жауған толассыз жауынның салдарынан жарты жылдық жауын-шашын түсіп, келтірілген шығын миллиардтаған еуроға бағаланып отыр.

Су тасқыны Имоладағы «Формула-1» жарысын да тоқтатуға мәжбүр етті.

Жұма күні «Формула-1» ұйымдастырушылары зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге көмектесу үшін бір миллион еуро беретіндерін айтты. Бұған дейін «Феррари» командасы да осындай уәде берген болатын.

Legambiente экологиялық ұйымының мәліметінше, 7 миллионға жуық италиялық су тасқыны қаупі бар аймақтарда тұрады.

2014 жылы сол кездегі премьер-министр Маттео Ренци Italia sacra (қауіпсіз Италия) жедел тобын құрды, оның міндеті су тасқыны мен көшкіннің алдын алу болатын. Алайда, 2018 жылы Джузеппе Конте үкіметі бұл топты таратып, ешқашан жүзеге асырылмаған өз жобасын жасады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир