Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір күнде 300 мыңға жуық адамның коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Бұл пандемия басталғаннан бергі бір тәулік бойынша тіркелген рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұйым бұл туралы 15 тамызда мәлімдеді. Жалпы жұқтыру дерегі көп тіркелген елдер қатарында АҚШ, Бразилия, Үндістан бар. Италияда коронавирус инфекциясын жұқтырудың ең үлкен өсімі тіркеліп, елде жаңа шектеу енгізіліп жатыр. Аппенин түбегінің көптеген қалаларында инфекцияның таралуына қарсы күрес бойынша қосымша шаралар қолданылуда. 7 қыркүйекке дейін барлық ғимараттарда, сонымен қатар ашық ауада өткізілетін би кештеріне тыйым салынды. Францияда да эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты, бірқатар қалада адам көп жиналатын көшелер мен орындарда халық маска тағуға міндеттелді. Соңғы аптаның өзінде 600 мыңнан астам адам анализ тапсырған. Әлемде COVID-19 індетіне шалдыққандар саны 21 миллион 500 мыңнан асты. Джонс Хопкинс университетінің ақпаратына сүйенсек, індеттен көз жұмғандар 773 мыңға жуықтаса, жазылып шыққан науқастар 13 млн 593 мыңнан асты.