Дәрігерлер коронавирустан емдеу үшін жылқының антиденелерін пайдаланбақ

08.09.2020 20:23

Қыркүйектің ортасында жылқының антиденелерінен жасалған дәрі сынақтан өткізілмек, ол 26 пациентке беріледі

Фото: ашық дереккөзден

Коста-Рикада жылқының антиденелерінің көмегімен коронавирусты емдеу тәсілін сынақтан өткізіп көрмекші, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.


Бүгінде Клодомиро Пикадо(Instituto Clodomiro Picado, ICP) институтында арнайы препаратты дайындап қойды. Ғалымдар алдымен SARS-CoV-2 вирусын жылқыларға салған. Жануарлар ауырып шыққаннан кейін ағзасында антиденелер пайда болды. Соның негізінде дәрі-дәрмек жасалды.


«Қыркүйектің ортасында біз осы дәріні 26 пациентке салып, препаратты сынақтан өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді осы елдің әлеуметтік сақтандыру қорының президенті Роман Макая(Roman Macaya) Reuters агенттігіне берген сұхбатында.  

Зерттеудің екінші кезеңі сәтті өтсе, жергілікті билік жаңа препаратты ауруханаларда кеңінен қолдануды жоспарлап отыр.


«Вакцина барлығына бірдей қолжетімді болмай тұрғанда осы өнім біраз адамның өмірін сақтай алады деген сенім бар. Біреумен жарысудың немесе кезекте тұрудың қажеті жоқ, ондай жағдай вакцина саласында анық байқалады. Біз болсақ, ешкімді күтпей-ақ, өз күш-жігерімізді тиімді пайдалана аламыз», – дейді ICP-дағы жобаның үйлестірушісі Альберто Алапе (Alberto Alape).


Айта кеткен жөн, осыған ұқсас зерттеулер Аргентина мен Бразилияда жүргізіліп жатыр. Ал Бельгияның ғалымдары жылқының орнына таутайлақтарды пайдаланып келеді. Коста-Рика барлық зерттеуден кейін коронавирусты емдеудің арзан тәсілімен Орталық Америка елдерімен бөлісуге дайын.