Табиғи апаттан қаза болғандар саны 35 мыңнан асып кетті
Қазақстан Түркияға қосымша 55 тонна гуманитарлық көмек жібереді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның ішінде, киім-кешек, жылы күртешелер, қысқы шатырлар, металл кереуеттер мен төсек орын жабдықтары бар. Сонымен қатар, күнделікті қолданысқа қажетті заттар да жөнелтіледі. Премьер-министрдің ресми сайты жариялаған ақпарға сай, гуманитарлық көмек тиелген ұшақ Газиантеп қаласына қонады. Ал, Түркияның өзінде әлі күнге дейін құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы ақпаратқа сай, төтеншеліктер үйінді астында 219 сағат жатқан 77 жастағы әйел мен 209 сағат қирандылардың арасында болған 12 жастағы жеткіншекті алып шықты.
Табиғи апаттан қаза болғандар саны 35 мыңнан асып кетті. Ал, 105 мың 500 адам зілзаладан зардап шеккен. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өз елінде болған жер сілкінісін атом бомбасының жарылысымен теңестірді. Бауырлас елдің басшысы, оңтүстігіндегі жүздеген ғимараттың қирауынан 2 миллионнан астам адам үйсіз қалды дейді. Қазір құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Ердоған, өзге елден келіп, қол ұшын созып жатқан барша құтқарушыларға алғысын білдірді. Қазақстаннан барған төтеншеліктер осы уақытқа дейін 7 адамды құтқарған. Сонымен қатар, 88 адамның денесін шығарған. Оның ішінде 10-ы бала. Қазір біздің құтқарушылар екі елдімекенде іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал, қазақстандық мамандардың жақындары Түркияға көңіл айтып, жұбайларының аман келуін тілеп отыр.
“Түркия еліндегі жағдайды естіп, бірден күйеуім еліне аттанды. Мен жолдасымның шешімін қолдадым. Қиын жағдайда Түркия халқына әр адамның көмегі өте қажет. Алла сабыр берсін. Түркия еліне қайғыра көңіл айтамыз”, – деді Көкшетау қаласының №1 Өрт сөндіру бөлімінің командирі Қанат Баязитовтың жұбайы Динара Баязитова.
Түркияның оңтүстігінде залзаладан зардап шеккен тұрғындарға 30 мың үй тұрғызылады. Бауырлас елдің президенті Режеп Тайып Ердоған құрылыс келесі айдан басталады деп отыр.
Құтқарушылардан бөлек Кахраманмараш қаласының тұрғындары үйінді астында қалып қойған туыстарын өздері іздеп жатыр. Қайғыдан қан жұтқан ана, бір мезетте отбасынан айырылған әке, ата-анасын іздеген кішкентай балалар жақындарын тірідей тауып аламыз дегеннен үмітті. 9 қабатты үйде мыңдаған адам тұрыпты. Жер сілкінісі кезінде қаншасы қирандының астында қалып, нешеуі тірі қалғаны белгісіз екен.
“Үйіміз теңселіп, гүрілдеп, немерелерімді құшақтап тұрдым. Мен ғана тірі қалдым. Келінім де, сүйіктім де, күнде иіскеп сүйіп жүрген немерелерім де жоқ болды. Жап-жас жүкті келінімнен де айырылып қалдым”, – деді Кахраманмараш қаласының тұрғыны Айша Тунджа.
Жермен жексен болған үйдің тұрғындары әлі де үйіндінің қасынан кете алар емес. 10 күн бойы туыстарының денесін іздеп жүр екен. Ал, бүкіл отбасынан әп сәтте айырылып қалған әкені 12 сағаттан кейін қирандының астынан шығарған.
“Әйелімнің жаназасына қатыспадым. Мені 12 сағаттан соң үйіндінің астынан шығарып алды. Ауруханаға бір күн жатып шықтым. Келсем, әйелімді жерлеп тастаған. Баламның ең кішісі 6 айлық еді. Екі қыз, бір ұлымнан айырылдым”, – дейді Кахраманмараш қаласының тұрғыны Али Тунджа.
Осындағы тұрғындардың сөзінше, шағынауданда үйіндіге бастырылған 100-ден астам адам құтқарылды. 150 адамның денесі табылды. Әлі 1500-ға жуық адам табылмай жатыр екен. Қаланың маңында үш үлкен қабір бар. Қаза тапқан жандардың жаназасы үздіксіз шығарылып, құран оқылуда. Қабірге мүрде тасыған көліктер де ағылып келіп жатыр. Аумақтың айналасы мәйіт орайтын кебін мен табытқа толып кеткен.
Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған келесі айдан бастап елдің оңтүстігінде үйлерді салу басталатынын мәлімдеді. Шамамен 30 мың баспана тұрғызылмақ. Бүгінде 1 жарым миллионға жуық адам уақытша баспанамен қамтамасыз етіліпті.
“Жер сілкінісі болған жерлерде 175 мың шатыр тұрғызылды. 5 жарым мың контейнер қойылды. Бір жылдың ішінде заманауи стандарттарға сай, қауіпсіз үй салуға уәде беремін”, – деді Түркия Республикасының президенті.
Өмір Серікбекұлы, Ринат Утеев Алматы телеарнасы, Астана қ.