Мариупольдегі ахуал, санкциялар, Путиннің жауабы – Украинадағы жағдайға шолу
Украинадан бір күнде 40 мың адам эвакуацияланды. Бұл туралы Владимир Зеленский өзінің телеграм парақшасында мәлімдеді. Сондай-ақ бүгін қазақстандық меншік иелеріне тиесілі 49 жүк көлігі шекарадан шығарылды. Қазіргі уақытта Ресей әскері Мариуполь мен Волноваха қалаларын толық қоршауға алған. Қаза болғандар саны 1300-ге жуықтап, гуманитарлық дәлізбен көмек жеткізу мүмкін болмай отыр. Ал Батыс санкцияларына қарамастан Владимир Путин «Ресей ешкімнен оқшауланбайды» дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мариупольдегі зымыран соққысынан кейін жергілікті халықтың жағдайы күрт нашарлап кетті. Бұл туралы украиналық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлауда. Қазір онда тұрғындар тамаққа мұқтаж, жарық пен жылу, су жоқ. Сондықтан Запарожье қаласынан Мариупольге дейін азық-түлік жеткізіп, адамдарды эвакуациялайтын жасыл дәліз ұйымдастырылыпты. Алайда атыс салдарынан көліктер кері қайтуға мәжбүр болған. Ал жергілікті билік мұнда 1300-ге жуық адамның қаза болғанын және оларды ортақ бір зиратқа жерлеп жатқанын мәлімдеп отыр.
«Менің 9 балам бар. Мариупольдің амандығын, сәбилердің, аналардың амандығын тілеңіздерші. Жан-жақтан бомба атқылап жатыр. Өте қиын. Тамақ жоқ, су мен жарық та жоқ. Өмір сүру мүмкін емес», - дейді Мариуполь қаласының тұрғыны Татьяна Бондарь.
Мариупольдегі бұл жағдайдан кейін Владимир Зеленский әлем елдерінен Ресейге санкцияларды қатаңдатуды сұрап отыр. Арнайы үндеу жасаған Президент Украинада ешқашан биологиялық қарулар жасалмағанын да айтты. Ал кеңестік кезеңнен қалып қойған зерханалар тек ғылыми зерттеулермен айналысады деді.
«Біз түсінігі мол халықпыз. Мен түсінігі бар президентпін. Менің екі балам бар. Біздің жерімізде ешқандай химиялық немесе басқа да жаппай қырып-жою қаруы әзірленбейді. Мұны бүкіл әлем біледі. Егер Ресей бізге қарсы осындай әрекет жасауын доғармаса, онда қатаң санкциялық жауап алады», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Ал Владимир Путин Ресейге қарсы шектеулерге өз жауабын айтты. Оның айтуынша, Ресей ешкімнен оқшауланбайды және елінде қалған шетелдік кәсіпкерлердің құқығы толық қорғалатын болады. Сондай-ақ өз сөзінде ол Батыстың санкцияларына қарамастан, Мәскеу әлі күнге дейін келісімшарт бойынша жеткізілімдерді жалғастырып жатқанын хабарлады.
«Біз барлық серіктестерімізбен жұмыс істеуге дайынбыз. Сондықтан Ресейде қалып, жұмыс істейміз деген компаниялар мен шетелдік инвесторлар болса, онда олардың құқығы толық қорғалуы керек. Ал өндірісін жауып, елден кетеміз дегендер болса, онда отандық жеткізушілерге зияны тимеуі қажет. Бос қалған мекемелерді бізде жұмыс істегісі келетіндерге беру керек. Ол үшін біздің нарықта қажетті құралдар бар», - деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.
Бұған дейін екі тарап Беларусь пен Түркия мемлекеттерінде келіссөз жүргізген еді. Алайда нақты бір ымыраға келе алмады. Тек гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға келіскен болатын. Енді Украина мен Ресейдің ресми өкілдері кезекті кездесуін біздің елде өткізуі мүмкін. Өйткені Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіссөздерді Қазақстанда өткізу туралы ұсынысын құп көретінін жеткізді.
Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы