Бүгінде Украинада қаза болған бейбіт тұрғындар саны 630-дан асты
Украинада соғыс жағдайы тағы 30 күнге ұзартылады. Бұл туралы Украина парламентінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Бұған дейін бұл мерзім 26 наурызға дейін созылған болатын. Алайда жағдайдың ушығуына байланысты Владимир Зеленский Жоғарғы Радаға тиісті заң жобасын енгізді. Ал кеше екі ел бейбіт келісімнің төртінші раундын онлайн форматта өткізді. Бірақ әлі де нақты бір шешімге келе алмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Украина мен Ресей әлі де бейбіт шешімге келер емес. 14 наурызда төртінші мәрте онлайн форматта жүздескен екі тарап қақтығысты доғару мәселесіне қатысты 1 тәулікке техникалық үзіліс алды. Бірақ келіссөз жалғасуда. Бұл туралы Украина делегациясының басшысы мәлімдеді. Осылай екі ел ымыраға келе алмай жатқанда құрбандар саны да өсуде. Киевте бомбалар жарылуынан тұрғын үйлер қирап, 3 адам қаза тапты. Бұл ретте Владимир Зеленский жаңа жолдауында Ресей әскеріне үндеу жасады.
«Ресей офицерлері мен сарбаздары! Мені өте мұқият тыңдаңыздар! Сіздер жағдайды жақсы білесіздер. Бірақ Украинадан ештеңе ала алмайсыздар. Тек халық құрбан болады. Өздеріңіз де қаза боласыздар. Сонда өмірлеріңізді не үшін қиясыздар? Тірі қалғыларыңыз келеді, мен оны жақсы білемін. Сондықтан сіздерде таңдау бар», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Ал Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялардың төртінші легін бекітті. Атап айтқанда, бірқатар ресейліктің активтері тоқтатылып, сәндік тауарларды экспорттауы шектелмек. Тағы ресейлік болат пен темірді импорттауға тыйым салынады.
«Ресей әскери іс-қимылды доғармай отыр. Олар бейбіт тұрғындарға шабуыл жасауда. Сондықтан біз Ресейге қысым көрсетуді жалғастыруымыз қажет», - деді Еурокомиссия төрағасының орынбасары Валдис Домбровскис.
Ал Ресей тарапы Федерацияға салынған шектеулерге қарсы саясат аясында жаңа реформа жүргізуді қолға алмақшы. Президент Владимир Путин аталған мәселе экономикаға оң әсерін тигізеді дейді. Сондай-ақ Мәскеуде Катар мен Ресейдің Сыртқы істер министрлері кездесіп, Украина төңірегіндегі жағдайды оңтайлы шешу жолын талқылады.
«Біз Катар басшылығының қазіргі жағдайға жеке көңіл бөлгенін бағалаймыз. Катар жалпы еуропалық қауіпсіздік мүдделерін, соның ішінде Украина мен Ресейдің де қауіпсіздігін ескеріп отыр. Олар келісімге қол жеткізуге көмектесу үшін бар мүмкіндіктерін пайдалануда», - деді Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Біріккен Ұлттар Ұйымымының мәлімдеуінше, бүгінде Украинада қаза болған бейбіт тұрғындар саны 630-дан асты. Ал 3 миллионға жуық халық бас сауғалаған босқын. Оның 1247-сі шетелдік азамат екен. Бұл ақпарды халықаралық миграция жөніндегі ұйым таратты.
Ал еліміздің сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша қазір оқ астында қалған Марипуоль, Харьков және Сумы қаласында 22 қазақстандық бар. Әзірге олармен байланыс орнату мүмкін болмай отыр.
Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы