Украиналық босқындардың саны 13 миллионға жетті

Украиналық босқындардың саны 13 миллионға жетті
Бұл статистиканы БҰҰ жариялады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украинада қақтығыс басталғалы 13 миллионға жуық тұрғын өзге мемлекеттерге бас сауғалап кеткен. Ал 7 миллионнан аса адам елдің қауіпсіз аймағына көшті. Бұл статистиканы БҰҰ жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, қазір Ресей әскері Украина жерінің 20 пайыз аумағын басып алған. Североднецкте қалып қойған халық жертөледе жасырынып жатыр.

Екі ел арасында қақтығыс басталғалы Украина халқының 17,5 пайызы босып кеткен. Бас сауғалағандардың 2 миллионнан астамы балалар. БҰҰ Балалар қорының мәлімдеуінше, қазір олар гуманитарлық көмекке мұқтаж. Елде жағдай өте ауыр. Жақында ғана Ресей әскерінің бақылауына өткен Северодонецкте 800 мың тұрғын өмірі үшін арпалысып жатыр. Ал Мариуполь түгел зиратқа айналған.

«Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы 2 жылында 10 мыңға жуық адам қаза тапса, бізде небәрі 2 айдың ішінде 20 мыңнан аса Мариуполь тұрғыны көз жұмды. Одан бөлек қала ауыр эпидемиологиялық жағдайда тұр. Жазғы аптап ыстық келе жатыр. Жақында нөсерлі жаңбыр жауды. Ал шаһар мүрдеге толы. Кәріз жүйесі жұмыс істемейді. Ешкім қоқыс жинамайды», деді Мариуполь қаласының мэрі Вадим Бойченко.

БҰҰ қазір Украинадағы жағдай «қорқынышты» деп отыр. Осыған байланысты Батыс елдері Киевке қолдау көрсетуін жалғастырмақ. Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкциялардың 6 легін бекітсе, НАТО ұзаққа созылуы мүмкін қақтығысқа дайын болуға шақырды.

«НАТО-ның басты міндеті Украинаны қолдап, өзін-өзі қорғауына көмектесу. Сондай-ақ одақ бұл қақтығыстың Ресей мен НАТО арасындағы толыққанды соғысқа айналмауына да жауап береді», деді Йенс Столтенберг.

Қатаң шектеулерден кейін Ресейдің қара алтыны арзандай бастаған. Салдарынан әлемдік нарықта энергия тасымалдаушылар құны шарықтап барады. Осыған байланысты АҚШ Президенті Джо Байден Батыс елдері Мәскеуден мұнайды бұрынғы нарыққа қарағанда төмен бағамен алуды қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Алайда Ресей билігі бұл мүмкін емес деп отыр.

«Бұл  экономика мәселесі. Өйткені логистикалық проблемалар әлі де жалғасып жатыр. Салдарынан жаһандық энергетикалық нарық тұрақсызданып барады. Санкциялардан туындаған жасанды қиындықтарға қарамастан нарық бәрін реттейді. Егер сұраныс бір жерде азайса, басқа жерде өседі. Осылай қолайлы жағдайлар туындайды», деді РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Бұған дейін Батыс елдері ресейлік мұнайға кезең-кезеңмен эмбарго жариялауға келіскен еді. Осылай Еуропа жыл соңына қарай Мәскеуден қара алтынды 10 есе төмен мөлшерде ғана алуды жоспарлап отыр.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров