Мариупольдегі «Азовсталь» зауытына шабуыл тоқтайды

Мариупольдегі «Азовсталь» зауытына шабуыл тоқтайды
Ақ үйдің өкілі Джен Псаки жақын арада Киевке көмек жеткізілетінін алға тартты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгіннен бастап Мариупольдегі «Азовсталь» зауытына шабуыл тоқтайды. Ресей президенті өз әскеріне осындай бұйрық берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол индустриалды аймақты толық жабуды тапсырды. Ал кеше Ресейдің қорғаныс министрлігі «Сармат» деп аталатын жаңа құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан сәтті өткізді. Аталмыш жобаны АҚШ билігі қауіпсіз деп тапты. Бірақ  бұған қарамастан Америка Украинаны қолдауды жалғастырмақ. Украина үшін стратегиялық маңызды қала Мариуполь әлі берілген жоқ. Наурыз айынан бері қоршауда қалған шаһарда қазір қақтығыс қызу жүріп жатыр. Өзінің кезекті үндеуінде Владимир Зеленский елдің шығысы мен оңтүстігінде жағдай қиын екенін жеткізді. Бірақ Ресейдің қорғаныс министрлігі «Азовсталь» зауытын толық басып алу үшін әлі де 4 тәуліктей уақыт қажет деді. Бұған Владимир Путин бұл аймақта шабуылды тоқтатуды бұйырды.

«Ресейдің негізгі қарулы күші Изюм қаласынан Славянскіге дейінгі аралықта шоғырланған. Олар әскерлерін осында жинап, келесі шабуылды жоспарлап отыр. Бірақ қарсыластардың бұл әрекеті іске аспайды. Өйткені Мариуполь әлі де берілген жоқ», – деді Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович.

Украинадағы соңғы жағдайларға байланысты Еуроодақ Киевке тағы қаржылай көмек көрсетпекші. Осы мақсатта Бородянка қаласына келген Одақ кеңесінің төрағасы Шарль Мишель Владимир Зеленскиймен кездесіп, 5 мамырда халықаралық конференция ұйымдастыратынын жеткізді. Сондай-ақ екі тарап жүздесу кезінде Ресейге санкцияларды күшейту мәселесін де қарастырды.

«Біз Укрианаға 1,5 миллиард еуро көлемінде қосымша қаржы бөлуді шештік. Қазір Еуроодаққа мүше елдермен бірге Киевке қажетті көмекті жеткізуді талқылап жатырмыз», – деді Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишель.

Ал Ресей «Сармат» деп аталатын жаңа құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізді. Оны президент Владимир Путиннің өзі бақылады. Бұл елдің Қорғаныс министрлігінің айтуынша, жаңа зымыран кез келген бағытта алыс қашықтықтағы нысанды жоя алады. Сынақ аяқталған соң қару стартегиялық мақсаттағы әскери күшке қосылады.  

«Бұл Ресей әскері үшін елеулі оқиға. Жаңа кешен техникалық артықшылығымен ерекшеленеді. Ол зымыранға қарсы кез келген жүйені айналып өтеді. Қазір әлемде бұған балама қару жоқ. Жуық арада пайда бола қоймас. Бірегей қару Ресейдің қарулы күшін нығайта түседі», – деді Ресей федерациясының президенті Владимир Путин.

Аталмыш жағдайға қатысты АҚШ-тың қорғаныс министрлігі өз пікірін білдірді. Олардың мәлімдеуінше, Ресей билігі сынақ жайлы алдын ала ескерткен және одан келер қауіп жоқ. Бірақ бұған қарамастан АҚШ Украинаға қолдау көрсетуін жалғастырмақ. Осылай деген Ақ үйдің өкілі Джен Псаки жақында Киевке тағы көмек жеткізілетінін алға тартты.

Аяулым Көлжігіт, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров