Ресейдің Белгород қаласында 80-нен астам тұрғын үй зымыран шабуылдары мен бомбалау салдарынан зардап шекті
Ресей әскері Лисичанск қаласын басып алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жексенбі күні Украина қарулы күштері елдің шығысындағы стратегиялық қаладан шегінгенін растады. Бірақ олар «Змеиный» аралын кері қайтарды. Биыл ақпан айында Украина гарнизоны Ресей қарулы күштерінің берілу туралы ұсынысына дөрекі жауап берген соң қарсылас тарап аралға оқ жаудырып, басып кіріп, Украина әскерін тұтқынға алған еді. Енді араға жарты жыл салып Ресей күштері «Змеиныйдан» шегініп отыр. Есесіне Лисичанск қаласын басып алды.
«Лисичансктен сарбаздарды кері қайтарудың өз себептері бар. Біріншіден, Ресей әскерінің құрамы көп болды. Екіншіден, олардың «Смерч», «Ураган», «Град» сияқты жүйелері қалаларды жермен-жексен қылуға қауқары бар», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Ал Ресейдің Белгород қаласында 80-нен астам тұрғын үй зымыран шабуылдары мен бомбалау салдарынан зардап шекті. Бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Ресей билігі шабуыл үшін жауапкершілікті Украинаның Қарулы күштеріне жүктеп отыр.
«Біздегі ақпарат бойынша төрт адам қайтыс болды. Олардың бірі - Ресей Федерациясының, ал үшеуі - Украина азаматы», – деді Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков.
Ал Киев ол жарылыстарға қатысы жоғын айтып жатыр. Украина президентінің Кеңсесі бұл ресейлік әскери қызметшілердің арандатуы немесе қателігі дейді.
Қайрат Советбекұлы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы