Ыстамбұлдағы жарылыстан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ

instagram.com/ekippolishaber0707
instagram.com/ekippolishaber0707
Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ыстамбұлдағы жарылыстан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Сыртқы істер министрлігі бүгін арнайы брифинг өткізіп, жағдай бақылауда екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл адам шошырлық кадрлар жарылыс болған Стамбұлдың орталығындағы, адам көп жүретін Истикляль көшесіндегі бейнебақылау камерасынан алынған. Халық күндегі жүріп жүрген көшемен кетіп бара жатқанда кенеттен бомба жарылады. Түрік ақпарат құралдарының мәліметінше, жарылыс алты адамның өмірін қиып, 81 азаматты жарақаттаған. Оқиға кеше кешкісін болды. Түрік билігі мұны теракт деп атап, оған Күрдістан жұмысшы партиясы жауапты деді.  

«Ыстамбұлда болған жағдай – теракт. Бомбаны әйел адам жарды. Біздің ойымызша бұған Күрдістан жұмысшы партиясының қатысы бар. Анық-қанығы тергеуден соң белгілі болады. Кінәлілер қатаң жазаланатынын ескертемін», – деді Түркияның вице-президенті Фуат Актай.

Қара орамал таққан әйелдің жүгіріп бара жатқан сәті бейнекамераға түсіп, ол видео әлеуметтік желіде тез тарады. Бүгін сол әйелмен бірге жиырмадан астам күдікті ұсталғаны белгілі болды. Тіпті, оларды құрықтау сәтін құқық қорғау органдары видеоға түсірген.

Кейін анықталғаны Терроризмге қарсы бөлім бригадалары шабуылға кінәлі деп танылған әйелді және 22 күдіктіні ұстады. Ал болған оқиғадан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы бүгін түстен кейін арнайы брифинг өткізген Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. Сөзінше, жарылыс болған сәттен бастап біздің елдің бас консулдығы жергілікті аураханаларға хабарласып, отандастарымыздың зардап шеккендер тізімінде бар-жоғын біліп отырған.  

«Бас консулдықтың дипломаттары телефонда отырып, сол маңдағы барлық ауруханаларды зерттеп шықты. Абырой болғанда біздің отандастарымыз тізімде жоқ. Әлі де тергеу жүріп жатыр. Жергілікті губернатор мен біздің бас консул байланыста. Сондықтан егер де қандай да бір хабар болып жатса, біз бірден сіздерге жария етеміз», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Ыстамбұл қаласында болған қайғылы жағдайға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне көңіл айту жедел хатын жолдады. Хатта президент қаза тапқандардың қайғысына ортақтасып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектес екенін білдірді.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров