Харьков аумағындағы 2 ірі жарылыс бірқатар инфрақұрылым нысандарын жойды
Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыстың 161-інші күнінде Харьков, Николаев пен Криворожск аудандары ауыр зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұның ішінде Харьков аумағындағы 2 ірі жарылыс бірқатар инфрақұрылым нысандарын жойды. Өткен түні ресей әскерінің негізгі күші Бахмут бағытына жұмылдырылып, Донецк облысы артиллериялық атыстың астында қалды.
«Ресей Федерациясының қарулы күштері Украина аумағындағы әскери қимылын жалғастырып жатыр. Жоғары дәлдікпен жасалған соққы нәтижесінде Николаев қаласындағы алты техниканың көзі жойылды және 50 шақты ұлтшыл қаза болды. Бір тәуліктің өзінде үш басқару бекеті мен бірнеше қару-жарақ қоймасы құртылды»,- деп мәлімдеді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.
Пентагон Ресей әскерінің 6 HIMARS артиллериялық зымыран жүйесін жойғанын жоққа шығарды. Бұған дейін Федерацияның Қорғаныс министрі Сергей Шойгу батыстық қаруларды бақылаусыз тасымалданып жатыр деп, олардың жойылғанын жеткізген еді. Мұны шындыққа жанаспайды деген Украина президенті аталған зымыран жүйесін «Әділеттің синонимі» деп бағалады.
«Еліміз үшін зор мәнге ие болған бұл зымыран жүйесі біздің Отан қорғауымызға атсалысып жатыр. Оның көмегімен қарсы тарап үлкен шығынға ұшырайды, бізге келтірген залалдың өтеуін қайтарады. Ал Донбасс аумағындағы әскери қимылдар өте аяусыз өтіп жатыр. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес»,- деді Украина президенті Владимир Зеленский.