Табиғи апат Кашмир ауданында болған
Сәрсенбі күні полицейлер мен жергілікті тұрғындар Пәкістандағы Нилум алабында Дуднейл ауылының маңынан қар үйіндісі мен қираған үйлердің астынан қаза тапқандардың мәйітін іздеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат gulfnews.com сайтына сілтеме жасап.
Іздеу тобы 14 адамның денесін тапты. Олар көшкін салдарынан қалың қар астында қалып қойған. Табиғи апат Кашмир ауданында болған. Құтқарушылардың жұмыс істеуіне ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Табиғи апат құрбандарының саны Кашмирде 76 болса, жалпы елде – 100 адамға жетіп отыр, деп хабарлады Ұлттық табиғи апат басқармасы. Нилум алабы ауданы қатты зардап шекті.
Өкінішке орай, синоптиктердің болжамы жақсы болмай тұр, өңірде таяу күндері тағы да ауа райы нашарлауы мүмкін. Сәрсенбі күні Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан Музаффарабад қаласында жатқан зардап шегушілердің жағдайын біліп қайтты. Билік мектептерді, елдің солтүстік бөлігінде таулы аудандардағы бірнеше жолды жапты. Ұлттық табиғи апат басқармасының есебіне сәйкес, Нилум алабына гуманитарлық көмек тиелген үш тікұшақ ұшып кетті. Ел билігі зардап шеккен аудандардың тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру туралы шешім қабылдады.
Бұдан бұрын Кашмирде сырғыма мен көшкін салдарынан 62 адамның мерт болғанын хабарлаған едік.