Өзбекстан Президенті Нөкістегі толқуда зардап шеккендер мен қаза болғандардың бар екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірақ әзірге олардың нақты саны белгісіз. Жоғарғы кеңесінде сөз сөйлеген Шавкат Мерзиёев шеру кезінде кейбір күштердің инфрақұрылым нысандарына да айтарлықтай зиян келтіргенін жеткізді. Қазір азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру мақсатында Қарақалпақстан аумағында төтенше жағдай енгізіліп отыр. Коменданттық сағат 2-тамызға дейін жалғасады.
«Көпшіліктің Ата заңға енгізілмек болған реформаны дұрыс түсінбегендіктен толқуға ұласты», – деді елдің ІІМ.
Заңсыз демонстрацияның ауқымы артпас үшін 2 шілдеде Нөкіс қаласына ел президенті келіп, республиканың жоғарғы орган өкілдері мен ақсақалдар алқасымен кездесті. Қазір автономия азаматтарының талап-тілегі ескеріліп, конституциялық реформаға қатысты шешім шығарылды.
«Конституциялық реформа халықтың өмірін жақсарту үшін қабылданады. Ал Қарақалпақстан жұрты наразы болса, ондағы бір бапқа да өзгерту енгізбейміз. Әсіресе мұның бәрі 70, 71, 72,74 және 75 баптарға қатысты айтылып отыр», – деді Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев.
Наразылық салдарынан мыңдаған адам ауруханаға жеткізілген. Ақпаратты Қарақалпақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Ресми ақпарға сүйенсек, қазір Нөкістегі медициналық орталықтар лық толы, азаматтарға сәйкесінше көмек көрсетіліп жатыр. Ал ел билігі зардап шеккендер мен қаза болғандардың бар екенін айтқанымен, әзірге нақты цифр белгісіз.
«Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және азаматтардың құқықбұзушылық жасауын болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылданып, іс атқарылып жатыр. Қазіргі таңда жағдай қалпына келтіріліп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Өзбекстан Республикасы Ұлттық ұлан ақпараттық қызметінің басшысы Даврон Жұманазаров.
Көршілес мемлекеттегі жағдайға байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Ресми ақпарда Өзбекстанның біздің ел үшін бауырлас, сенімді одақтас екені айтылып, Қарақалпақстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін жасалған шешімді құптайтынымыз жеткізіледі. Қазақстанның ресми органы саяси оқиға қарсаңында бауырлас елге бейбітшілік пен тыныштық тіледі.
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы