|
11.05.2022 | 16:48
553

АҚШ Конгресі Украинаға көрсетілетін көмектің жаңа пакетін мақұлдады

Аталған бастаманы 368 конгрессмен қолдаса, 57-сі қарсы болды

АҚШ Конгресі Украинаға көрсетілетін көмектің жаңа пакетін мақұлдады

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Украинаға көрсетілетін 40 миллиард долларлық көмектің жаңа пакетін мақұлдады, деп хабалайды Almaty.tv тілшісі. 

Аталған бастаманы 368 конгрессмен қолдаса, 57-сі қарсы болды. Қазір заң жобасы Сенатқа жолданды. АҚШ Конгресі мақұлдаған заң жобасында Киевке әскери, экономикалық әрі гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат бөлу мәселесі қарастырылған. Аталған құжат Джо Байден қол қойған ленд-лиз аясында қабылданып отыр. Украина үшін жүзеге асқалы отырған бұл заң қажет болған жағдайда 2022-2023 жылдары Шығыс Еуропа елдеріне қару-жарақ жеткізу процесін жеңілдетпек. Ендігіде Украина әскеріне қорғаныс техникасын жеткізу мен жалға беру АҚШ-тың қауіпсіздік мүдделеріне сай келсе, шешім бюрократиялық кезеңсіз қабылданады. Сондай-ақ, Украина тарапы жалға алған техникалар үшін алдын-ала төлем жасаудан босатылып отыр.

«Мен Украин үкіметі мен халқын қолдаудағы тағы бір маңызды құжатқа қол қойдым. Бұл ел мен жерін, демократиялық құқығын қорғаған тарап үшін өте маңызды», – деді АҚШ президенті Джо Байден.

Украинаның ұлттық полициясы Донецк облысында үш күннен бері жалғасып жатқан атқылаудан 56 елді мекеннің зардап шеккенін айтады. Одан бөлек, тұрғын үйлерді есептемегенде, 200-ге тарта маңызды нысан қираған. Сумск пен Черниговский облысында да жағдай мәз емес. Өткен түндегі Ресей әскерінің авиациялық соққысынан қазір қалалардағы жүріс-тұрыс тоқтады. Ал Украина тарапы жасаған ресми мәлімдемеге сүйенсек, біріккен күштер операциясының негізінде қарсы тараптың 12 шабуылы кейін қайтарылып, 12 танк, 4 артиллериялық жүйе мен 28 техника жойылған.

«Азовтағы халық адам төзгісіз жағдайда қырылып жатыр. БҰҰ дәл осы аумақтың тұрғындарын эвакуациялау бойынша бірнеше сәтті іс атқарғанымен, қазірдің өзі қалада жүздеген бейбіт адам қалып отыр. Азаматтардың тірі, я өлі екенін тексерудің өзіне бізде физикалық мүмкіндік жоқ», – деді «АЗОВ» полкінің экс-командирі Максим Жорин.

БҰҰ келтірген дерекке сәйкес, бүгінгі таңда Украинаның 8 миллион тұрғыны ел ішінде көшіп-қонып жүр. Олардың 44 пайызы гуманитарлық дағдарыстың салдарынан әлі де бір орынға тұрақтай алмауы мүмкін дейді сарапшылар. Соған қарамастан, Киевте елшіліктердің жұмысы қайта жанданып жатыр. Қазір Украинадағы қызметіне 29 елдің дипломатиялық өкілі оралған.

Мадина Оқас, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир