|
11.04.2022 | 17:23
640

Украинадан бас сауғалаған босқындар саны 4,5 миллионға жетті

Олар Польша, Венгрия, Румыния, Молдова, Словакия елдеріне қоныс аударуда

Украинадан бас сауғалаған босқындар саны 4,5 миллионға жетті

Краматорск қаласындағы теміржол бекетінде 8 сәуір жарылыс болып, ғимараттың күл талқаны шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

100-ден аса адам зардап шегіп, 52 бейбіт тұрғын қаза тапты. Оның бесеуі – балалар.  Әскери іс-қимыл басталғалы дәл осы жерден Донецк, Харьков, Луганск облыстарының тұрғындары тыныштық тауып, қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған еді. Бұған дейін Киев билігі бұл жайтқа Мәскеуді айыптаған болатын. Бірақ Ресейдің Қорғаныс министрлігі бұл мәлімдемемен келіспеді.

«Краматорск теміржол вокзалының маңында табылған тактикалық зымырандарды тек Украинаның қарулы күштері қолданады. Олардың максималды ұшу қашықтығы 120 шақырым, салмағы 482 келіге жетеді. Барлау қызметінің дерегі бойынша, соққы кезінде қару Доброполь елді мекенінің аумағында болған. Бұл аймақ әлі күнге дейін Донбастағы украиналық әскерлер тобының толық бақылауында», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Бүгінде Украинаның экономикасы 40 пайызға құлдыраған. Бұл туралы экономика министрлігі хабарлады. Қақтығыс салдарынан бірқатар қалалар мен ғимараттар қирап қалды. Бұл ретте Киев билігі Ресей әскері Украинаның шығысында іс-қимылды күшейтіп, шабуылды үдетуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Осыған байланысты қорғанысты нығайтуды жоспарлап отыр.

«Ресей біздің мемлекетке қарсы кең ауқымды қарулы қақтығысты жалғастыруда. Олар Изюм қаласының аймағында Украина қарулы күштері бөлімшелерінің қорғанысын бұзып, Мариупольді толық бақылауға алуға тырысып жатыр. Басқыншылар Николаев бағытындағы дивизиялардың тактикалық позициясын жақсартпақшы», – деді Украинаның қарулы күштері бас штабының баспасөз хатшысы Александр Шпутун.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, бүгінде Украинадан бас сауғалаған босқындар саны 4,5 миллионға жеткен. Олар Польша, Венгрия, Румыния, Молдова, Словакия елдеріне қоныс аударуда. Ал Ресейге салынған санкциялар қатары ұлғайып барады. Еуропалық Одақ Мәскеуге қарсы шектеулердің алтыншы легін әзірлеп, Украинаны қарумен қамтамасыз ету үшін 500 миллион еуро бөлуді уәде етті.

Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

украина
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир