Дүниежүзілік банк Украинаға 1,5 миллиард доллар қаржы бөлуді жоспарлап отыр

YouTube
YouTube
4 миллион 800 мың бала босқынға айналған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украинада әскери қақтығыс басталғалы 4 миллионнан аса жеткіншек үйінен безіп, бас сауғалап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал 1,5 миллионнан аса бала ашығып отыр. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы мәлімдеді. Осыған байланысты Дүниежүзілік банк Украинаға 1,5 миллиард доллар қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Ал Францияның сарапшы мамандары Буча қаласында ресейлік әскердің жасаған қылмысына қатысты айғақтарды жинауды бастады.

Владимир Путин Украинада арнайы әскери іс-қимылдың жоспарлы түрде жүзеге асып жатқанын және Ресейдің Батыс санкцияларына төтеп беруге қауқары жететінін мәлімдеді. Бұл туралы беларусьтік әріптесі Александр Лукашенкомен бірге «Восточный» ғарыш айлағына барған сапарында хабарлады. Ол Бучадағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, ақпарат шындыққа жанаспайды деді.  

«Батыс елдері күткен экономикалық құлдырау болған жоқ. Біздің қаржы жүйеміз бен индустриямыз қалыпты жұмыс істеп жатыр. Мақсатымыз орындалатынына күмәніміз жоқ. Сондай-ақ Сирияда арандатушылық жасалған кезде, Асад үкіметі химиялық қару қолданды делінген еді. Кейін бұл жалған болып шықты. Буча да дәл осындай жағдай», – деді Ресей федерациясының президенті Владимир Путин.

Бүгінде Буча қаласында қаза болған бейбіт тұрғындар саны 60-қа жуық екені мәлім болды. Бұған дейін Батыс елдері бұл жағдайға Ресейді айыптаған еді. Осы мақсатта Францияның сот-медициналық және ДНҚ бойынша сарапшы мамандары Буча қаласына 15 күнге іс-сапармен келді. Эксперттер бүгіннен бастап мәйіттің жеке тұлғасын анықтап, эксгумация жасайды. Кейін іс Халықаралық қылмыстық сотқа жіберіледі. Қарсыласының бұл озбырлық әрекеті үшін Владимир Зеленский Еуропалық одақтан Ресейдің газы мен мұнайынан жақын арада бас тартуды сұрап отыр.  

«Егер біз уақытында ұшақтар мен артиллерияға қажетті ауыр бронетехникаларды алғанымызда қақтығысты ертерек тоқтатуға болар еді. Бірақ бұл туралы бірқатар елмен әлі де келіссөздер жүргізіп, сендіруге мәжбүрміз. Қажетті шешімді шығару үшін күшімізді салып жатырмыз. Біз түбінде ол әскери құралдарды аламыз. Бірақ уақытты кері қайтара алмаймыз. Қаншама украиналық әскер құрбан болды», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ал Дүниежүзілік банк Украинаға 1,5 миллиард доллар қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл  қолдау пакеті ауруханалардағы жалақы мен зейнетақыны қамтамасыз етуге және әлеуметтік бағдарламаларды ұсынуға көмектеспек. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы Украинада әскери қақтығыс басталғалы 4 миллион 800 мың бала үйінен безіп, жан-жаққа бас сауғалап кеткенін хабарлады.  

Аяулым Көлжігіт, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров