Украинаның Буча қаласында қаза болған бейбіт тұрғындар саны 330-дан асты. Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл отырыс өткізіп, тәуелсіз тергеу қорытындысы бойынша кінәлілерді жауапқа тартпақшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиынға Украина президенті Владимир Зеленский қатысады деп жоспарланып отыр. Бұған дейін бұл кеңесті өткізуді Ресей билігі талап еткен
«Бұл - соғыстағы қылмыстар. Әлемдік қауымдастық оларды «геноцид» ретінде сипаттайды. Бүкіл әлем мұны біліп отыр. Біз мыңдаған адамдардың азапталып, қиналып мерт болғанын білеміз. Қыз-келіншектерді зорлап, балаларды өлтіруге дейін барған. Бұл - нағыз геноцид», – деді Украина президенті Владимир Зеленский
Ал Ресей билігі бейбіт тұрғындарды жаппай өлтірді деген айыпты жоққа шығарды. Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, ресейлік әскердің қаладан кету сәті мен желіде пайда болған бейненің уақыты сәйкес келмейді. Сондай-ақ фотолар мен бейнежазбалардың жалған екенін дәлелдейміз дейді.
«Ресейлік әскери қызметшілер 30 наурызда қаладан толық шықты. 31 наурызда қала мэрі салтанатты түрде шаһардағы жағдай бірқалыпты екенін мәлімдеген еді. Бірақ екі күн өткеннен кейін біз көшеде жатқан адамдардың мәйітін көрдік. Бұл әрекет Ресейге қарсы ұйымдастырылған қойылым екені анық», – деді Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Қазіргі уақытта Киев облысы аумағынан 410 адамның мәйіті шығарылып, оларға арнайы сот-медициналық сараптама жұмысы тағайындалды. Бұл туралы Украинаның бас прокуроры мәлімдеді. Ал АҚШ президенті Джо Байден әскери қақтығыстағы бұл әрекеті үшін Ресей президентін айыптап, халықаралық сотта жауап беруін талап етуде. Онымен қоса, Ресейге қарсы шектеулерді тағы да қатаңдатуға ниетті екенін білдірді.
«Путинді «әскери қылмыскер» деп атағаным үшін мен қатты сынға қалған едім. Бірақ міне, Бучада не болғанын көрдік. Бұл оның «әскери қылмыскер» екенін дәлелдейді. Сондықтан біз Украинаны қажет қару-жарақпен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Олар бейбітшілік үшін күресте жеңіске жетуі керек. Әскери қылмыстар бойынша нақты сот процесі өтуі үшін барлық мәліметтерді жинау қажет», – деді АҚШ президенті Джо Байден.
Украинада әскери іс-қимыл басталғалы 161 бала көз жұмып, оның 264-і жарақат алған. Бұл туралы елдің премьер-министрі хабарлады.
Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы