Ресей өз аумағында террорлық қауіптің жоғары деңгейін жариялап отыр
Ресей әскері Украинада химиялық қару қолдануы мүмкін. Владимир Зеленский 7 аптадан бері қоршауда тұрған Мариуполь қаласына қауіп төніп тұр деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алайда Мәскеу әскери улы заттардан бас тартқанын алға тартты. Сондай-ақ Ресей өз аумағында террорлық қауіптің жоғары деңгейін жариялап отыр. Кеше Харьковке тағы да шабуыл жасалып, 11 адам қаза болды. Арасында балалар бар. Ал Мариупольде украин әскері мен Ресей сарбаздары арасында қызу қақтығыс жалғасып жатыр. Украина президенті Владимир Зеленский қарсыластарының осы қалада химиялық қару қолдануы мүмкін деген пікірде. Бірақ химиялық қаруға тыйым салу ұйымы Ресей 5 жыл бұрын улы заттардың қорын толық жойғанын мәлімдеген еді.
«Бізге басқыншылардың террордың жаңа кезеңіне дайындалып жатқаны туралы суыт хабар жетті. Біз бұл мәліметке қатты мән беріп отырмыз. Бұған дейін әлем көшбасшылары Ресейдің химиялық қару қолдану мүмкіндігін талқылағанын еске салғым келеді. Сондықтан Кремль билігіне қарсы жауап қатал болмақ», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Бүгінде Украина әскері елдің шығыс аумағындағы қақтығысқа дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта екі тарап Донбассты басты майдан алаңына айналдыруды көздеуде. Ал Ресей 25 сәуірге дейін өзінің Украинамен шекаралас бөлігіндегі аймақтарында террорлық қауіптің жоғары деңгейін жариялады. Билік мұндай шаралар жергілікті аудан тұрғындарын қорғау мақсатында қолға алынды деп отыр. Жағдайдың осылай ушығуына байланысты Мәскеу ешқандай келіссөздерге қарамастан әскери іс-қимылды үдетпек.
«Келіссөздердің бірінші кезеңінде президент әскери іс-қимылды уақытша тоқтату туралы бұйрық берді. Бірақ біз Украинаның бұған оң жауап бермейтініне көз жеткіздік. Сондықтан ешқандай келіссөздерге қарамастан алдағы уақытта кідіріс жасамауды ұйғардық. Бұл шешім нақты әрі соңғы келісімге келіп, қол қойғанға дейін күшінде болады», – деді РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Түркия президенті әкімшілігінің хабарлауынша, соңғы уақытта Ресей-Украина келіссөздер ұйымдастыру қиынға соғып жатыр. Бұған Буча мен бірқатар қаладағы бейбіт тұрғындарды азаптап өлтіру жағдайлары себеп болып отыр. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы әскери іс-қимыл кезінде зорлық-зомбылық көрсеткен Ресей сарбаздарына қарсы тергеу жүргізуді талап етуде.
Аяулым Көлжігтіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы