Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бүгін Ресейді Адам құқықтары жөніндегі кеңестен шығару мәселесі бойынша жиын өткізбек
Украинаның президенті Буча қаласындағы қанды қырғынға қатысы бар әскери қылмыскерлерді іздестіруді жалғастыратынын айтты. Бұл туралы Владимир Зеленский ирландиялық парламент депутаттарымен өткен онлайн жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың ісімен өзге мемлекеттердің прокурорлары айналысады. Буча қаласындағы бейбіт халықтың қазасын мұқият тергеуді Үндістан мен Қытай да талап етіп отыр. Өз кезегінде бұл Ресейді халықаралық аренада одан әрі оқшаулайды деп санайды тараптар.
«Басқыншылар қаланы тастап шығуға тырысқан кезде бейбіт тұрғындарды өлтірген. Тіпті ресейлік әскер сол қаза болғандарды, көшелерде жатқан мәйіттерді басқа жерге шығаруға тырыспаған. Бұл оқиға Буча мен Ирпень қаласын басып алған кезде болған», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Сондай-ақ, Владимир Зеленский Ресей әскері қалаларды қоршауға алған соң, гуманитарлық көмек жеткізуге мүмкіндік бермей, халықты аштықта ұстады деген мәлімдеме жасады. Ал Буча қаласындағы жағдайдан соң АҚШ пен Ұлыбритания Мәскеуге қарсы санкцияларды қатаңдатты. Бұл жолы нысанаға Ресей билігіндегі тұлғалар, олардың отбасы мүшелері алынды. НАТО Украинаға гуманитарлық және қаржылай көмектен бөлек, танкке қарсы құралдар мен әуе қорғаныс жүйелерін беретінін алға тартты. Бірақ Ресеймен тікелей қақтығысқа түспейтінін жеткізді.
«Біз шындыққа тура қарап, бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл қақтығыс көптеген айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Сондықтан біз Украинаны қолдау, Ресейге қарсы санкцияларды күшейту және қорғанысымызды нығайту жөніндегі ұзақ мерзімді шараларға дайын болуымыз керек», – деді НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг.
Еуропалық Одақ та шектеулердің бесінші легін қабылдады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бүгін Ресейді Адам құқықтары жөніндегі кеңестен шығару мәселесі бойынша жиын өткізбек. Бұл шешім Буча қаласындағы, жалпы Украинадағы орын алған жағдайдан кейін қабылданып отыр.
Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы