Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, елдің шығыс аймағында жағдай ауыр
Ресей әскері Северодонецкті бақылауға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір Мәскеу үшін де, Киев үшін де стратегиялық маңызды қалада қызу шайқас жүріп жатыр. Ал АҚШ Украинаға қуаты күшті артиллериялық ракета жүйесі мен оқ-дәрілер беруді ұйғарып отыр. Американың бұл әрекетін Мәскеу «араңдату» деп сынға алды. Қазір әскери қақтығыс Луганск облысында күшейе түскен. Бұған дейін қанды қырғын алаңына айналған Североднецк қаласы қазір ресейлік әскерлердің бақылауына өтті. Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, елдің шығыс аймағында жағдай ауыр. Онда күніне 500-ге жуық сарбаз жараланып, 100-і көз жұмады. Ал көрші Лисичанск қаласында тұрғындар соққыдан қашып, жертөледе жасырынуға мәжбүр.
«Бұл майдандағы қақтығыс емес. Бұл – бейбіт тұрғындармен соғыс. Қаншама ауыл мен қала қирап жатыр. Адамдардың өмірі қиылды», – деді Лисичанск қаласының полиция бастығы Олег Григоров.
Екі ел арасындағы қақтығыстың күшеюіне байланысты АҚШ Украинаға қуаты күшті артиллериялық ракета жүйесі мен оқ-дәрілер жеткізетінін мәлімдеген еді. Бұл шешімді Ресейдің СӘМ қатаң сынға алып отыр.
«Бұл Батысты соғыс қимылдарына тартуға бағытталған тікелей арандату деуге болады», – деді РФ СІМ Сергей Лавров.
Ал АҚШ Мәскеудің айыптауын жоққа шығарып отыр. «Украинаға қосымша көмек жеткізу қақтығыстың ушығуына себеп болады» деген пікірмен келіспеген Америка билігі жаңа жүйе Ресей аумағында қолданылмайтынын алға тартты.
«Ресей Украинаға басып кірді, керісінше емес. Қарапайым тілмен айтқанда, Ресей үшін қақтығысты ушықтырмаудың ең тиімді тәсілі бар. Ол – әскери операцияны тоқтату. Бұған Ресейдің қауқары жетерлік», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.
Айта кету керек, Мәскеу Лисичанск қаласын да басып алса, онда Луганск облысы толығымен Ресейдің бақылауына өтеді. Ал бұл – Ресейдің әскери іс-қимыл жүргізудегі негізгі мақсаттарының бірі.
Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы