Бүгін Ресей мен Украинаның сыртқы істер министрлері Анталияда келіссөз өткізді. Жиынға Түркия мемлекетінің сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу да қатысты. Кездесу барысында қос тарап бітімге келу мәселесін талқылады, бірақ әлі нақты бір мәмілеге келмеді. Осылай екі ел ымыраға келе алмай жатқанда, құрбан болған украиналықтар саны 400 адамнан асып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Ресей мен Украинаның сыртқы істер министрлері Түркия елінде кездесіп, Украинадағы жағдайды талқылады. Жабық форматта өткен алқалы жиынды 40-қа жуық мемлекеттің 350-ден аса бұқаралық ақпарат құралдары бақылады. 1,5 сағатқа созылған кездесу барысында атысты тоқтату, гуманитарлық дәліз логистикасын құру сияқты негізгі мәселелер сөз болды. Алайда екі тарап әлі де нақты бір мәмілеге келе алмай жатыр. Бұл туралы Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мәлімдеді.
«Біз мұнда екі мақсатпен келген едік. Біріншіден, халықты қауіпсіз эвакуациялау қажет. Екіншіден, 24 сағатқа бейбітшілік орнатып, украиналықтарға қажет көмекті көрсету еді. Осылай Украинадағы жағдайды қалпына келтіру үшін барлық күш-жігерімізді салдық. Гуманитарлық көмек көрсетуде дипломатиялық шешімге келуге тырыстық», - деді Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба.
Қазір Украинадағы жағдай ушығып барады. Бүгін таңертең Мариуполь қаласында медициналық кешенге зымыранмен соққы жасалды. Күл-талқаны шыққан ғимаратта перзентхана мен балалар ауруханасы орналасқан еді. Әзірге 17 адамның зардап шеккені белгілі. Бірақ жараланғандар қатары одан да көп болуы мүмкін деп отыр қала билігі. Бұл жағдайға қатысты Ресейдің сыртқы істер министрі өз ойын айтты. Анталияда өткен келіссөзден кейінгі баспасөз конференциясында Сергей Лавров Ресей Украинаға шабуыл жасамағанын және мұнда атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізбейтінін айтты.
«Бұл перзентхананы зымыран соққысына дейін «Азов» батальоны басып алған болатын. Кейін ол жерден жаңадан босанған әйелдер мен медбикелерді, сондай-ақ барлық қызметкерді шығарып жіберген еді. Яғни, ол аймақ «Азов» батальонының базасы», - деді Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Бұл ретте Еуропалық парламент Ресейге қарсы жаңа санкциялар легін жариялауға кіріскенін мәлімдеп отыр. Қазіргі уақытта Ресейден газ бен мұнай сатып алуды тоқтатқан Еуропадағы бірқатар мемлекет энергетикалық қиындықтарға тап болған. Бірақ соған қарамастан Украинаны қолдауды жалғастыруда.
«Ресей билігі халықаралық құқыққа назар аудармай отыр. Біз қырғиқабақ соғыстан кейінгі бейбіт өмірге үйреніп қалғанбыз. Бірақ ес жиып, әскери күшті нығайтатын уақыт келді. Енді Еуропа елдерінің қорғанысы туралы маңызды шешім қабылдау керек», - деді Еуропалық парламенттің депутаты Радослав Сикорский.
Сондай-ақ Халықаралық валюта қоры Украинаны қолдау мақсатында 1 миллиард 400 миллион доллар қаржы бөліп, көмек көрсетпек. Ұйымның хабарлауынша, қаржы қарулы қақтығыстың экономикалық салдарын азайтуға септеседі. Жалпы әскери іс-қимыл басталғалы Украинадан өзге елге бас сауғалаған босқындар саны 2 миллионнан асып кеткен. Ал 400-ден аса тұрғын ұрыстың құрбаны болды.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы