|
10.02.2023 | 20:29
3211

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін тағы бір қазақстандық жоғалып кетті

Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтың денесі ертең елге жеткізілетін болды

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін тағы бір қазақстандық жоғалып кетті  Almaty.tv

Қазақстанның тағы бір азаматы Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабар-ошарсыз кетті. Қазір отандасымызды іздеу жұмыстары жүріп жатыр. СІМ таратқан ақпарға сай, отандасымыз 6 ақпаннан бері байланысқа шықпаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркияның Кахраманмараш қаласында отандасымыз іздестіріліп жатыр. СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан азаматы тұрған үй жер сілкінісі кезінде құлаған. Әпкесі ведомстваның жедел желісіне хабарласқаннан кейін іздеу жұмыстары басталыпты. Көршілерінің айтуынша, үй қираған кезде отандасымыз үйдің ішінде болған екен. Қазақстандық дипломаттар 150-ден астам отандасымыздың орналасқан жерін анықтап, осындағы туыстарымен байланыстырыпты.  

«Соңғы 4 күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диякрабыр, Шанлыурфа, Адана, Кония және Элязык провинциясынан 124 Қазақстан азаматы шығарылды. Оның ішінде 58 қазақстандық Астанаға ретрансиялық рейстермен жеткізілді.  Қазақстанның тағы бір азаматы хабар ошарсыз кетті деп есептегенбіз. Алайда, біз оны Хатай қаласыннан таптық. Ол 2 күн бойы байланысқа шыға алмаған», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Ал дәл сол Хатай қаласында зілзала кезінде үйіндінің астында қалып, кейін өлі табылған Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтың денесі ертең елге жеткізілетін болды. Жолға кететін шығынды мемлекет көтереді.

Мирболат Құрмашев Қазақстанның «Илон Маскі» болған екен. Әріптестері оны осылай деп атапты. Тіпті цифрлық даму министрі Бағдат Мусин курстасының өмірден өткеніне байланысты туыстарына көңіл айтып, желіде жазба қалдырды. Astana hub мамандары, Мирболатты мықты маман, тәжірибесі мол IT саласының үздігі ретінде таниды. Сонымен қатар, марқұм Қазақстандағы IT контентті дамытуға зор үлес қосқан азамат деп еске алады әріптестері.  

«Халықаралық агент ретінде бізге сол елдің технопарктерімен, инвесторлармен қарым-қатынас құруға, Қазақстан стартаптарына Түрк елінің нарығына шығуға көмектесетін адам еді», – деді Astana hub кеңсе директоры Бейбіт Түзелбаев

Ал ТЖМ баспасөз қызметі, бүгін біздің мамандар 3 адамды құтқарды деген хабар таратты. Қазақстандықтар қиранды астындағы адамдармен аудио байланыс арқылы сөйлесе отырып, оларды сыртқа шығарыпты. Сонымен қатар, жол бойы өздерінің денесімен үгінділерді көтеріп, зардап шеккен жанға жол ашып берген.  

Қазір Қазақстаннан барған құтқарушылардың екінші эшелоны Нұрдағы қаласында іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар 2 тәулікке жуық адамдардың орналасқан жеріне жол салып, оларды тереңнен тауып алыпты. Сыртқа шығарылған азаматтар бірден жедел жәрдеммен ауруханаға жөнелтіліп жатыр.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Утеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир