Украина бейбіт келіссөз жүргізуді ұсынды: Ресей ұстанымы қандай

© Global Look Press / РИА Новости
© Global Look Press / РИА Новости
26 ақпан күні Украинадағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды елге эвакуациялауды жүзеге асырмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Біз бейбітшілік туралы келісімге келуге дайынбыз». Бұл туралы Украина президенті Кеңесінің басшысы Михаил Подоляк мәлімдеді. Осылай Украина мемлекеті бейтарап мәртебе ұстана отырып, Ресеймен соғысты тоқтатуға әрекет етуде. Ал Владимир Путин бұл мәселеге қатысты нақты ойын білдірді. Бұл ретте Еуроодақ елдері Ресейге жасаған жаңа санкцияларын жариялап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

   

Бүгін Украинаның ақпарат құралдары Киевте жаңа жарылыстар болғанын хабарласа, Ішкі істер министрлігі шабуылдар қанатты және баллистикалық зымырандармен жасалғанын алға тартты. Ал президент Владимир Зеленский қаза болғандар қатары көбейгенін айтқан еді. Қазіргі уақытта Украина бейтарап мәртебе ұстана отырып, Ресеймен бейбітшілік туралы келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Украинаның президенті кезекті үндеуінде мәлімдеді.

«Ресей Федерациясының президентіне тағы да айтарым, келіссөз жүргізейік. Қазір Украинаның барлық аумағында соғыс жүріп жатыр. Адамдар өлімін тоқтатайық!» - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ал Ресей Федерациясының Президенті журналистермен өткізген бүгінгі кездесуінде бейбітшілікке қатысты ойын ашық айтты. Өз сөзінде Владимир Путин Украина келіссөз жүргізу үшін бірқатар мәселені ескеруі қажет деді.

«Өкінішке қарай, бұл сауал өзектілігін жоғалтты. Мен бұған дейін де талай мәрте Донбассқа қатысты мәселені бейбіт түрде шешуді ұсынған едім. Жалпы біз Украинаның НАТО-ға мүшелік етуіне қарсымыз. Өйткені ол Ресейге қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселені шешудің ең оңтайлы жолы – Киев билігі өз еркімен НАТО-ға кіруден бас тартуы керек», - деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин. 

Бұл ретте Еуроодақ Ресейге қатысты санкциялардың екінші легін қабылдап үлгерді. Енді олардың маңызды капитал нарығына қатысуына тыйым салынды. Бұл шара Ресейдің банк саласының 70 пайызын шектеуге бағытталыпты. Сондай-ақ саммитке қатысушылар бұл шектеулер Беларусь мемлекетін де қамтитынын мәлімдеді.

«Біздің тыйым мұнай экспортына соққы береді. Осылайша, Ресей мұнай өңдеу зауыттарын жаңарта алмай қалады. Бұл елдің дипломаттары мен бизнесмендері үшін Еуроодаққа жол жабылады», - деді Еуропалық комиссия төрайымы Урсула Фон Дер Ляйен.

Ал Франция Президенті Эммануэль Макрон Украинаға қаржылай көмек көрсететінін айтты. Алайда екі ел келіссөзге келуі үшін мүмкіндік жасауды ұмытпауға үндеді. 

«Батыспен келісілген санкцияларға сәйкес, Киев талап еткендей, Ресей банктерін SWIFT төлем жүйесінен ажыратпаймыз», - деді Франция президенті Эммануэль Макрон.

Ал 26 ақпан күні Украинадағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды елге эвакуациялауды жүзеге асырмақ. Ол үшін жолаушылар 25 ақпан күні Львов қаласындағы Замкнен көшесінде орналасқан елшілікте жиналуы керек.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров