«100 млн теңге бердік»: пәтер жөндейтін мердігерге алданған тұрғындар шағымы

Almaty.tv
Almaty.tv
Ақшасын қайтаруды талап еткен жұрт Алмалы аудандық полиция басқармасына арыз жолдаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мердігерді «жұмысын орындамады» деп айыптаған 30-дан астам алматылық тұрғын арнамызға хабарласып уәжін айтты. Олардың айтуынша, пәтерді жөндеу керек болған азамат 100 миллион теңгені қалтасына басып, құрғақ уәдемен тойдырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

     

Қаладағы тұрғын үйлердің біріндегі сату бөліміне жиналып, ақшасын қайтаруды талап еткен жұрттың жанайқайына құлақ салсақ, пәтерге жөндеу жұмысын жүргізіп беретін мердігер сан соқтырып кеткен.

«Сату бөлімі бізге Дмитрий Павловты атап, жеңілдіктермен сапалы жұмыс істейді деді. Оның жұмыс бригадасы бар екеніне, жөндеуді жылдам аяқтайтынына сендік. Бірақ міне, 6 айдың жүзі болды, далада жүрміз», - дейді қала тұрғыны Шынар Әбдірахманова.

Уәжін айтқандар «сөзіне тұрақсыз мердігерді сату бөлімінің қызметкерлері тауып берді, оның сапалы жұмыс істейтінін алға тартты» деп отыр. Алайда мұндағы қызметкерлер бұл іске қатысы жоқ екенін және арна тілшілеріне аты-жөнін айтпайтынын жеткізді.

Екі тарап істің шешімін таппай дал болған сәтте, мердігер Дмитрийдің өзі де келді. Ол жауап беруден жалтармады. Барлығы алдағы уақытта келісімшарттағыдай орындалатынын және бұған дейін мұндай қиындыққа тап болып көрмегенін айтты.

«Біз мұнда желтоқсаннан бері жұмыс істеп келдік. 57 үйді жөндегенбіз. Кейін құрылыс материалдарының тапшылығы мен қаражаттың жетпей қалуы осындай мәселе туғызды. Есеп-қисаптан шатасқан сияқтымыз. Одан бөлек, жұмысшыларға да қатысты біраз қиындық туды», - деді мердігер Дмитрий Павлов.

Келісімшарт бойынша жөндеу жұмыстары 3 айдың төңірегінде бітуі керек еді. Алайда аяқталуы былай тұрсын, әлі басталмаған да дейді халық. Олардың айтуынша, бұл мердігер қолхаттарымен, құрғақ уәдесімен тойдырып біткен. Сондықтан бәрі бірігіп, Алмалы аудандық полиция басқармасына арыз жолдаған. Бұл мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.

Оразай Нұртай, Әнуар Амангелдинов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров