Бүгін Беларусь мемлекетінде Украина мен Ресей арасындағы келіссөз өтуде. Бұған дейін Кремль Ресейдің қандай ұстанымда болатынын жария етуден бас тартты. Ал Украина делегациясы «оқ атуды шұғыл тоқтатып, ел аумағынан әскерлерді шығару» мәселесін қарастыратынын алға тартқан еді. Дәл қазір келіссөз Беларусь пен Украина шекарасында жабық түрде өтіп жатыр. Сондықтан толыққанды ақпарат жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Беларусь мемлекетінің Гомель облысында келіссөз жүргізуге Ресей Федерациясының делегациясы алғашқы болып келді. Кейін Украина тарапы қосылды. Айта кетсек, Украина делегациясының құрамында қорғаныс министрі мен сыртқы істер министрінің орынбасары, Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Михайл Подоляк болды. Ал Ресей делегациясын Владимир Путиннің көмекшісі Владимир Мединский басқарды. Қазіргі уақытта жиын әлі де жалғасып, маңызды мәселелер қаузалуда.
«Өздеріңізді қауіпсіз сезініңіздер! Бұл – біздің міндетіміз. Президент Лукашенко бүгінгі келіссөз барысында маңызды мәселелердің шешімі табылады деп сенеді. Мұны бүкіл Беларусь халқы да тілеп отыр. Нәтиже күтеміз», - деді Беларусь тарапының өкілдері.
Ал еліміздің сарапшы мамандары екі елдің арасындағы жағдай Қазақстанның экономикасы мен сауда-саттық саласына әсері болуы мүмкін дейді. Алайда бейбіт шешімге келгені маңызды деген пікірде.
«Қазіргі жағдай тек екі мемлекеттің емес, бүкіл әлемнің экономикасына әсерін тиігізіп жатыр. Мысалы Ресейге қарсы қабылданған санкциялар бізде теңгенің құлдырауына әсер етуде. Біздің мемлекет басшысының шешімімен, қабылдауымен, тапсырмасымен қазір Үкімет шаралар қабылдап жатыр. Нақты айтқанда, Ұлттық банк те интервенциялар жасап жатыр және базалық мөлшерлеменің өсуі мәселесіне байланысты теңгені тұрақтандыру қарастырылуда», - деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ сарапшысы Серік Молдағалиев.
«Ең бастысы, Ресейге қарсы жарияланған санкциялар әлі де күшіне енген жоқ. Екіншіден, бұл шектеулердің Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Алайда Ресеймен тығыз байланыста болғандықтан, кейбір жағдайда әсер етуі мүмкін. Егер аталған санкциялар күшіне енсе, онда Ресей де Еуропаға қарсы санкция жариялауы мүмкін. Себебі кәрі құрлық мұнайдың 40 пайызын Ресейден алады. Сондықтан біз екі елдің бейбіт шешімге келгенін күтеміз», - деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ қоғамдық процестер зерттеу ортылығы басшысының міндетін атқарушы Жиембет Жұмағұл.
Еске сала кетсек, 25 ақпан күні Украинаның Президенті елде жағдайдың ушыққанын мәлімдеген еді. Осыған байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен келіссөз жүргізуді сұраған болатын. Ал кездесуге бірнеше сағат қалғанда Владимир Зеленский Еуроодаққа жүгініп, Украинаны мүше елдердің қатарына шұғыл қабылдауға шақырды.
Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы