Қытайда мейрамханалар жабылып, санитарлық талаптар күшейді. Симптомсыз науқастар көбейгендіктен Бейжің билігі коронавирус ауруханасын қайта іске қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Экономикалық шығын мен халықтың наразылығына қарамастан Қытайда карантиндік шаралар күшейген. Соңғы тәулікте Бейжіңде 53 адам инфекция жұқтырса, жалпы ел бойынша 50 мыңнан астам адам дертке шалдығыпты. Сондықтан Қытай билігі карантин шараларын қатаң сақтауды қолға аламыз дейді. Тіпті, вирусты жеңіл өткізетін адамдар үшін арнайы аурухана ашылған.
«Қазіргі кезде вирус қаланың әр жерінде әртүрлі көрсеткішке ие. Симптомсыз және жеңіл түрін жұқтырған науқастарды емдеу үшін комиссиясының шешімімен Сяотаншань ауруханасын ашамыз», – деді Бейжің қаласы денсаулық сақтау жөніндегі комиссия өкілі Ли Ань.
Омикрон штаммының өршуіне байланысты елде оқушылар қашықтан оқу форматына көшіп, балабақшалар жабылған. Дегенмен аспан асты елінің карантин шараларын бұлай қатаңдатуында саяси астар бар деп санайды отандық сарапшылар.
«Сайлау болуы мүмкін. Оған қатысатын оппозиционерлер де болуы мүмкін. Солардың барлығын карантиннің көмегімен үйлеріне тығып тастаудың әрекеті болар. Өте әсерлі механизм деп айтуға болады», – деді қалалық орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.
Қытай өз азаматтарын сыртқа шықпауға шақырып, кей қоғамдық орындарын жауып жатса, Еуропада жағдай тұрақты. Мәселен Италияда дәмханалар мен супермаркеттерге енді маскасыз кіре беруге болады. Сондай-ақ вакцина алғаны туралы «жасыл» статус болуы міндетті саналмайды.
Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі Қытайдағы жағдайды бақылап отырғанын мәлімдеді. Мамандардың сөзінше, инфекция қайта бас көтергенімен елдің оған төтеп беретін ұжымдық иммунитеті қалыптасқан. Сондықтан ендігі вирус кәдімгі тұмау ретінде өтеді деп күтеді дәрігерлер. Ал Қытайдағы науқастардың көбеюіне екпенің әлсіздігі себеп болуы мүмкін екен.
«Барлық мемлекет Sinovac вакцинасын екті. Бірақ оның әсері QazCovid-in немесе Pfizer вакцинасына қарағанда әлсіз екенін біз көрдік. Сондықтан да болар вакцинаның жеткіліксіз әсерінен қайта ауырып жатыр», – деді қалалық орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.
Сондықтан дәрігерлер «тағы коронавируспен жаппай ауырамыз» деп дүрлігудің жөні жоқ дейді. Айта кетсек, елімізде соңғы тәулікте 3 адам дертті жұқтырған екен. Екеуі Алматы қаласында, біреуі Алматы облысында. Ал өзге өңірлерде вирусқа ешкім шалдықпаған.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы