Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендер қатарында қазақстандықтардың бар-жоғы белгісіз. Еліміздің сыртқы істер министрлігі әзірге нақты ақпарат келіп түспегенін хабарлады. Бауырлас елде орын алған апатқа байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке апаттың салдарын еңсеруге тапсырма берді. Ал Түркияда болған зілзаладан қаза тапқандар саны сағат сайын өсіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша апат 900-ден аса адамның өмір қиса, тағы 5500-ге жуық азамат жараланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлем назары бір сәтте Түркияға ауды. Таңғы сағат төрттен кеткенде қуаты 7,5 балл зілзәла бауырлас елдегі бірнеше қаланың быт-шытын шығарды. Апаттың қатты болғаны соншалық көршілес 10 облыстағы нысандар мен тұрғын үйлер жермен жексен болған. Әсіресе Хатай, Газиантеп, Адана, Килис, Дияр бақыр сынды бірнеше қала зардап шеккен.
«Таңнан бері елдің 10 провинцияда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қазірге дейін адамдар үгінді астынан шығарылды. Дәл бүгін аймақта қар аралас жаңбыр себелеп тұр. Бұл да құтқарушылардың жұмысын біраз қиындатты. Жақындарын таба алмай, іздеп жүрген адамдар көп. Қазір жер сілкінген үш қалада әуежайлардың жұмысы тоқтатылды. Мектептерде екі апталық қосымша демалыс жарияланды», – деді Түркия вице- президенті Фуат Октай.
Жер сілкінісінен қаза болғандар мен жараланғандар саны сағат сайын өсіп жатыр. Өйткені үйіндінің астында қалғандарды іздеу мен құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Ал аман қалған елдімекен халқы күннің суығына қарамастан үйін тастап, кетіп жатқан көрінеді. Себебі жер сілкінісі тағы бірнеше рет сезілген.
Түркияда соңғы рет 24 жыл бұрын қуаты күшті 7,6 балдық жер сілкінісі болған еді. Измирдегі апаттан 17 мыңнан астам адам қаза тапқан. «Әсіресе, түрік елінің таулы аймағында мұндай табиғи апат жиі болады» дейді Анкара қаласының тұрғыны Лина Хәкім.
«Бұл Түркияның оңтүстік-шығысында болғандықтан, Анкара қаласына қатты сезілмеді. Дегенмен, ТЖ комитеті құтқару шарасын атқарып жатыр. Түркияға көшіп келгеніме 1,5 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында жер сілкінісі көп болды дей алмаймын. Өткен жылдың қараша айында 1 рет жер сілкінген», – деді Анкара қаласының тұрғыны Лина Айдынқызы.
Бауырлас елдің басына түскен жағдай ел Президентін де алаңдатты. Жеделхат жолдаған Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев осындай қиын сәтте Қазақстан Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Бүгін Мемлекет басшысы Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған апаттың салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
Таңдағы жойқын зілзала Сирия аумағын да қамтыған. Әсіресе, Алеппо тарихи орталығы қатты зардап шеккен. Жерасты дүмпулері Ливан астанасы Бейрут пен Иракта да сезілген. Дүйім елді дүр сілкіндірген жағдайдан соң НАТО Түркияны қолдауға күш жұмылдыруға кірісті. Одан бөлек Еуроодақ құтқарушылар жібермек.
Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы