Ресейдің конституциялық соты Украина жеріндегі 4 облыстың күштеп қосылуын заңды деп есептеді. Бұл туралы бүгін арнайы шығарылған қаулыда мәлім болды. Оған сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін аннексияланған аумақтарда өтпелі кезең жарияланбақ. Ендігіде Ресейдің мемлекеттік думасы мен федерация кеңесі конституциялық заң қабылдайды деп күтіліп отыр. Ал Украина билігі өз жерін әскери күшпен қайтаратынын мәлімдеді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас айтсын.
Ресей күшпен басып алған 4 облысқа әлі де толық билік жүргізе алмай отыр. Қазір Запорожье мен Донецк облысының басым бөлігі және Херсон, Луганскінің бірқатар аумағы Украинаның бақылауында. Ал Донецк құрамына кіретін Лиман қаласы Ресей күштерінен толық қайтарылды. Федерация тарапы бұл қимылды тактикалық шегіну жоспарына сай атқарылып жатыр деп мәлімдеді.
«Жуырда біреулер жалған референдуммен біздің жерімізді тартып алмақ болды. Бірақ біз қайтып ораламыз. Мемлекетімізге қарсы жасалған әр әрекетке тиісінше жауап аламыз!» – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Ал Харьков облысының әскери әкімшілігі Купянск ауданындағы атыста бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын мәлімдеді. Алдын-ала болжамға сәйкес, жазықсыз жан тапсырғандардың саны 20-дан асуы мүмкін. Атыстан бой тасалаймыз деген тұрғындардың өліміне Киев Ресей әскери күштерін кінәлап отыр.
«Белсенді әскери іс-қимылдың нәтижесінде Николаев-Криворожск бағытындағы ұрыста қарсы тараптың 43 танкісі мен 89 әскери техникасы жойылды. Одан бөлек, 400-ден астам украин әскерилері ажал құшты», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Коношенков.
Украина қарулы күштері бұл тәулікте Ресей тарапы 530 сарбаз бен 16 танкіден айырылды деп ақпар таратты. Ал күні кеше әскери іс-қимыл нәтижесінде Украина қайтарып алған 5 елді-мекенде тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мадина Оқас, Ернар Елдосұлы, «Алматы» арнасы